НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретіндерді басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу ұсынылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік, теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілік қаралатын адамдарды басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу ұсынылады", - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешов Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасының презентациясында.
Айтуынша, қолданыстағы заңда мұндай шектеу өз еркімен жұмыстан босату үшін көзделген және заң бұзған адамдарды жауапкершіліктен босату жолдарын кесуге бағытталған.
Шпекбаев "командамен ауысу" жайлы: кейбір басшылар әлі де өз адамдарын ертіп кетеді
Агенттік ұсынған тағы бір жаңашылдық – жекелеген саяси лауазымдарға президенттің шешімі бойынша біліктілік талаптарын белгілеу.
"Қазіргі уақытта саяси лауазымдарға біліктілік талаптары қарастырылмаған. Осыған байланысты жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адам лауазымға тағайындалуы мүмкін", - деді ол.