НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Үкімет жергілікті органдарға атаулы әлеуметтік көмекке ілікпеген отбасыларға көмектесуді тапсырды. Бұл туралы бүгін вице-премьер Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Табысына қарай кейбір отбасылар қазір алып жатқан атаулы әлеуметтік көмекке ілікпей қалуы мүмкін. Сондықтан жергілікті органдарға тапсырма берілді. Көмектен қағылған отбасыларға жергілікті жерден, демеушілер арқылы көмектесу, қолдау керек", - деді Сапарбаев мәжілісте өткен кездесуде.
Айтуынша, қазір атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша барлық ауылдық округтен бастап облыс орталықтарына дейін штабтар құрылды. Жауапты адамдар бекітілді.
"Біз күніне екі рет өңірлерден мәлімет алып тұрамыз. Чаттар жұмыс істейді", - деді ол.
Сапарбаевтың сөзінше, осы жылы үкімет 11 мың көпбалалы, тұрмысы төмен отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Екі мыңға жуығы демеушілердің есебінен баспаналы болмақ.
Тағы оқыңыз: 21 мың теңге неге төленбей қалды: атаулы әлеуметтік көмек енді қалай есептеледі?
Айта кетсек, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгерді. Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Сонымен қатар, биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы төлене бастады. Оның басты ерекшелігі - жәрдемақы табысына қарамастан төленеді. Ол бала санына қарай ай сайын беріледі.
Жаңа жәрдемақының мөлшері:
- 4 балаға - 42 496 теңге;
- 5 балаға – 53 127 теңге;
- 6 балаға – 63 757 теңге;
- 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.