Дерекқор

Армения мен Қырғызстанның көліктерін тіркеуге қанша ақша кетеді?

© Sputnik / Алексей Даничев / Медиабанкке өтуАвтомобили, архивное фото
Автомобили, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді уақытша тіркеуге рұқсат берілді. Алайда бір жылдың ішінде барлық алым-салықты төлеп, темір тұлпарды тұрақты тіркеуге қою қажет. Шетелден келген автомобильді тіркеуге кететін шығыстар жайында Sputnik Қазақстан дерекқорында

Кедендік баждың көлемі қандай?

Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа сәйкес, сырттан келетін  автокөліктерді кедендік рәсімдеудің нақты тәртібі бар. Бірыңғай кедендік тариф бойынша жеңіл көліктерге импорттық баж салығы салынады. Ал оның көлемі қозғалтқыштың бір текше сантиметрі үшін 0,32-3,2 еуроны құрайды.

Мысалы, 2 литрлік (2000 текше сантиметр - Sputnik Қазақстан) қозғалтқыш үшін 640-6400 еуро төлеу керек. Импорттық кеден салығын есептегенде қозғалтқыштың көлемі ғана емес, көліктің шығарылған жылы да ескеріледі.

Ал Армения мен Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылғанда импорттық тауарға уақытша жеңілдік беруді сұраған. Содан олар үшін салықтың мөлшері 10 процент немесе 0,14-1,4 еуро (2 литрлік көлік үшін 280-2800 еуро - Sputnik Қазақстан) деңгейінде бекітілді. Бірақ ондай тауарлар Армения мен Қырғызстанның аумағынан шықпауы тиіс. Одаққа мүше басқа елдерге сатылса, кедендік баж салығының айырмашылығын, яғни қалған 90 процентін бюджетке төлеу керек.

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында арнайы калькулятор бар. Соның көмегімен кедендік төлемдердің орташа мөлшерін есептеп шығаруға болады.

Айта кеткен жөн, ЕАЭО елдері шетелдік көліктерге кедендік баж салығын салу арқылы өз өндірісін қорғауды көздейді.

Утилизациялық алым қалай есептеледі?

2016 жылдан бастап Қазақстанда автомобиль жасайтын компаниялар мен ресми импорттаушылар утилизациялық алымды төлеуге міндеттелді. Олардың қатарына көлікті сырттан әкелетін қарапайым азаматтар да кіреді. Алым көлікті алғашқы тіркеуге қойғанға дейін төленуі керек.

Утилизациялық алымның мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке қарай өзгеріп тұрады. Жаңа жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге көтерілді. Ал утилизациялық алымның базалық коэффиценті 50 АЕК, яғни 132 550 теңгені құрайды. Қозғалтқыштың көлеміне қарай коэффицент беріледі де, утилизациялық алым мөлшері есептеледі.

Жеңіл автокөліктер:

  • 1 000 текше см. – коэффицент 3 (150 АЕК) - 397 650 теңге;
  • 1 001 – 2 000 текше см. – коэффицент 7 (350 АЕК) - 927 850 теңге;
  • 2 001 – 3 000 текше см. – коэффицент 10 (500 АЕК) - 1 325 500 теңге;
  • 3 001 текше см. жоғары – коэффицент 23 (1 150 АЕК) - 3 048 650 теңге.

Микроавтобустар:

  • 2 500 текше см. дейін - коэффициент 8 (400 АЕК) — 1 060 400 теңге;
  • 2 500 - 5 000 текше см. – коэффициент 16 (800 АЕК) – 2 120 800 теңге;
  • 5 000 - 10 000 текше см. – коэффициент 21 (1 050 АЕК) – 2 783 550 теңге;
  • 10 001 текше см. жоғары – коэффициент 27 (1 350 АЕК) – 3 578 850 теңге.

Алғашқы тіркеудің салығы қандай?

Осы санаттағы салық та айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Оның мөлшері көліктің шығарылған жылына қарай есептеледі. Автомобиль неғұрлым жаңа болса, салықтың көлемі соғұрлым төмен болады. Мәселен, жасы екі жылдан аспайтын көлік үшін небәрі 663 теңгені төлеу керек.

Жеңіл көліктер ("М-1" категориясы, 8 орынға дейін):

  • 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 663 теңге;
  • 2-3 жыл – 50 АЕК – 132 550 теңге;
  • 3 жылдан бастап – 500 АЕК – 1 325 500 теңге.

Микроавтобустар ("М-2", 8 орыннан жоғары, салмағы 5 тоннаға дейін):

  • 2 жылға дейін – 0.25 АЕК – 663 теңге;
  • 2-3 жыл – 240 АЕК – 636 240 теңге;
  • 3-5 жыл – 350 АЕК – 927 850 теңге;
  • 5 жылдан бастап – 500 АЕК – 6 627 500 теңге.

Қосымша шығындар:

Көлікті тіркеуге қойғанда нөмір мен техникалық төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Олар:

  • Мемлекеттік нөмірге  – 2,8 АЕК (7 423 теңге);
  • Тіркеу рәсімі үшін – 0,25 АЕК (663 теңге);
  • Техникалық төлқұжат үшін – 1,25 АЕК (3 314 теңге);

Қандай құжаттар қажет?

Көлік құралдары арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеледі. Ол үшін келесі құжаттар қажет:

  • Жеке куәлік;
  • Автомобильдің мемлекеттік тіркеу нөмірлері;
  • Техникалық төлқұжат (көлікті тіркеу туралы куәлік);
  • Техникалық байқаудан өткені туралы анықтама (7 жылдан аспаған көліктерге ондай анықтама алудың қажеті жоқ);
  • Көліктің адам меншігіне жататынын куәландыратын құжат (сатып алу туралы келісімнің нұсқасы немесе мұрагерлікпен алғаны туралы құжаттар);
  • Көліктің салығы төленгені туралы анықтама (ондай анықтама арнайы ХҚКО-да беріледі);
  • Көлік қайта жабдықталған, я болмаса, оған арнайы құралдар орнатылған жағдайда қосымша құжаттар қажет.

Олар:

Құрал-жабдықтарды орнатқан өндіруші зауыттың немесе ұйымның куәлігі немесе тиісті кедендік құжаттар, сәйкестік куәлігі;

Көліктің қауіпсіздік талаптарына сай келетіні туралы куәлік.

Көлікті қандай жағдайда тіркеуге қоймайды?

  • Еуро-4 стандартына сәйкес келмеуі;
  • Оң жақ рөлдің болуы;
  • Күндіз қосылатын шамдардың болмауы;
  • Балалар креслосына арналған ISOFIX бекіткішінің болмауы;
  • Қауіпсіздік көпшігінің болмауы;
  • Көліктен шығатын газдарды нейтрализациялау жүйесінің жұмыс істемеуі;
  • Иммобилайзердің болмауы;
  • ABS (тежегіштің бұғатталуына жол бермейтін жүйе) болмауы.

Айта кетейік, Тоқаевтың тапсырмасы бойынша шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді уақытша тіркеуге қойғанда арнайы сары түсті нөмірлер беріледі.

© SputnikУақытша тіркелген автомобильдерге берілетін нөмірдің үлгісі
Армения мен Қырғызстанның көліктерін тіркеуге қанша ақша кетеді? - Sputnik Қазақстан
Уақытша тіркелген автомобильдерге берілетін нөмірдің үлгісі

Оған қоса, техникалық төлқұжат рәсімделеді. Бірақ нөмір мен төлқұжат тек 2021 жылдың 1 наурызына дейін ғана жарамды. Осы уақыттың ішінде барлық алым-салықты төлеу керек. Сонда ғана көлік тұрақты тіркеуге қойылып, оған барлығына бірдей ақ түсті нөмір беріледі. 

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуге рұқсат берді. Атап айтқанда, Армения мен Қырғызстаның нөмірімен жүрген көліктерге келесі жылдың наурызына дейін жеңілдік беріледі.

Президент ондай автокөліктер техникалық регламент талаптарына сай болуы керектігін айтты. Сондай-ақ, азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс.

Тағы оқыңыз: Шенеуніктер арасында ең көп сұранысқа ие көліктер белгілі болды

Тоқаев бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беруді тапсырды.

"2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көлікті тұрақты тіркеуге қойып, кедендік баж бен утилизациялық алымды төлеуі тиіс. Немесе көлікті елден шығаруы керек, не болмаса, заңнамамен тыйым салынбаған әдіспен мәселесін шешуі керек", - деді президент.

Жаңалықтар
0