НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Бүгін президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Нұрбол Нұрсағатов Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі болып тағайындалды.
"Нұрбол Нұрсағатов – меритократия қағидасына сәйкес жетекші маманнан бастап, комитет төрағасының орынбасары, басқарма басшысы лауазымына дейінгі жолдарды өткен тәжірибелі маман", - деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа аудан әкімі туралы не білеміз?
Нұрбол Нұрсағатов 38 жаста.
Еңбек жолын 2004-2005 жылдары индустрия және сауда министрлігінің құрылыс комитетінде жетекші маман, бас маман болып бастаған.
2005-2008 жылдары қала әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында бас маман, бөлім басшысы, директор орынбасары болған.
2008-2011 жылдары – Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары;
2011-2012 жылдары ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
2014-2019 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің көлік және автомобиль жолдары басқармасына, Алматы қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасына және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау басқармасына басшылық жасады.
Бұрынғы әкімге не болды?
Елорданың "Байқоңыр" ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есілов пара алды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақпаратты растады.
Оған жекеменшік компания өкілінен "Байқоңыр" ауданын абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін пара түрінде iPhone-ның соңғы нұсқасын алды деген айып тағылды.