НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Кинорежиссер Еркін Рақышев әлеуметтік желі арқылы мемлекет басшысына ашық хат жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Өз сөзінде Рақышев Қытайдағы коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөніндегі тапсырмалардың үкіметке дер кезінде жүктелгенін жеткізді. Алайда ол өзге мәселені де көтерді.
"Осыдан екі-үш ай бұрын Алматы облысындағы бір кәсіпорында заңсыз жұмыс істеп жүрген жүздеген Қытай азаматы анықталып, еліне қайтарылды. Бұл тек бір компаниядағысы ғана. Ал елімізде жүздеген қытай компаниясы бар екенін ескерсек, оларда қанша қытайдың заңсыз жүргенін кім білсін", - дейді Рақышев.
Оның айтуынша, базарда сауда-саттық жасап жүрген қытайлар аз емес. Олардың ішінде заңсыз келгендер ғана емес, Қытайда қылмыс жасап, қашып жүргендер де бар деген сыбыс таралды.
Тағы оқыңыз: "Жаңа парақты ашамыз": Тоқаевқа Қытай басшысы хат жолдады
"Осылардың барлығын қатаң тексеріп, заң бұзғандарды анықтап, жауапқа тартуға тапсырма берсеңіз. Айта кететін бір жайт, Қытайдан келетін кейбір тауарлардың 90 процентіне дейін контрабандалық жолмен өтеді дегенді биліктегілер де айтып жүр. Бұл не масқара?! Сонда біздің кеденді басқа ел басқара ма? Жоқ, әлде сатқындар ма? Бюджетке күніне миллиондаған доллар ақша түспегенімен қоймай, ешқандай тексеріссіз өтетін тамақ пен дәрі-дәрмектің, тіпті, киімнің де халық денсаулығына зиянды екені түсінікті ғой", - деді Рақышев.