Саясат

Қазақстандықтар қандай табысын декларациялауға міндетті?

© Photo : Brandi DayДекларация, доходы
Декларация, доходы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшеді

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қаржы министрлігі табыс декларациясында көрсетілуі тиіс мүліктің тізімін нақтылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, қолданыстағы заңнамада табыс декларациясында көрсетілуі тиіс мәліметтердің нақты өлшемшарттары жоқ. Осыған байланысты министрлік декларациялауға жататын мүліктің тізімін нақтылауды ұсынып отыр.

Бірінші, Қазақстаннан тыс жерлердегі меншік құқығындағы мүлік бойынша:

  • жылжымайтын мүлік;
  • әуе және теңіз кемелері, суда жүзу кемелері;
  • көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
  • шетелдік банктерде 6,5 мың доллар немесе 2,6 миллион теңгеден асатын ақшаны міндетті декларациялау ұсынылады.

Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары; зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық та міндетті декларациялауға кіреді.

"Сонымен бірге, декларацияда көрсетілуі тиіс қолма-қол ақша шегі 5 880 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке (26 510 000 теңге) дейін ұлғайтылды", - деді вице-министр сенатта өткен дөңгелек үстелде.

Сондай-ақ, декларацияда жиынтық сомасы 5 880 АЕК-тен асатын немесе 15 миллион теңгеден көп соманы нотариалды куәландыра отырып дебиторлық, кредиторлық берешекті көрсету ұсынылады.

2021 жылдан бастап Қазақстан жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшеді.

Оқи отырыңыз: Перуашев қара халықты қорқытып-үркіткен вице-министрдің мәлімдемесіне шүйлікті

2021 жылғы 1 қаңтардан мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырады.

Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың жұмыскерлері және олардың жұбайлары.

Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.

Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан қалған санаттағы азаматтар.

Декларанттардың жалпы саны шамамен 13 миллион адамды құрайды.

Жаңалықтар
0