Экономика

Қазақстандықтар пәтерден түскен табыстың бір бөлігін нотариуске қалдыруы мүмкін

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуЖенщина открывает дверь
Женщина открывает дверь - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Келешекте сатушылар мен сатып алушылар арасында қолма-қол ақша жүрмейді. Келісім нотариус арқылы жасалуы тиіс  

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда нотариустерге жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу кезінде табыс салығын ұстап қалу құқығын беру жоспарланып отыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Қанат Баеділов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жалпыға бірдей табыс декларациясы аясында қаржы министрлігі нотариустерге ерекше құқық беруді көздеп отыр. Нотариустер салық агенттеріне айналуы мүмкін.

"Түзетулерге сәйкес, біз жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу келісімдерінің нотариус кеңсесі арқылы өткенін қалаймыз. Мәселен, мүлікті сату кезінде сатушы мүлік кірісіне ие болса, онда нотариус ол кірістен табыс салығын бірден ұстап қалып, бюджетке аударады. Біз бұл жаңашылдықты 2021 жылы енгізгіміз келеді", - деді Баеділов сенат кулуарында.

Мысалы, қазақстандық азамат 10 миллион теңгеге сатып алған пәтерін 12 миллион теңгеге сатты делік. Сонда ол 2 миллион теңге пайда көріп тұр. Нотариус осы 2 миллион теңге мүлік кірісінен 10 процентті, яғни табыс салығын ұстап қалады.

Қазақстандықтар қандай табысын декларациялауға міндетті?

Вице-министрдің айтуынша, келешекте сатушылар мен сатып алушылар арасында қолма-қол ақша жүрмейді.

"Мүлік кірісін анықтау үшін келісім нотариус арқылы жасалуы тиіс. Қазір бұл мәселені әділет министрлігімен пысықтап жатырмыз", - деді ол.

2021 жылдан бастап Қазақстан жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшеді. Декларанттардың жалпы саны шамамен 13 миллион адамды құрайды деп жоспарланып отыр.

Жаңалықтар
0