НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің басшылығы құтқару шаралары туралы айтып берді. Оған әскери техника да тартылып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комитет төрағасының орынбасары Марат Күлдіковтың айтуынша, осы уақытқа дейін республикалық және облыстық маңызды жолдар 106 рет жабылды. Қазақстанның он облысында 93 дауылды ескерту жарияланған. Дәл қазір Павлодар мен Щучинск бағытында ауа-райы қиын болып тұр. Соңғы үш күннің ішінде республика бойынша 2 мыңнан астам адам құтқарылды. Қар құрсауынан мыңдаған көлік шығарылды
"Мәселен, күні кеше ғана түнде Астана мен Щучинск арасында көліктердің үлкен колоннасы тұрып қалды. Барлығы 140 көлік пен 382 адам. Біз оларды Ақкөлге алып барып, мәдениет сарайы мен колледжге орналастырдық. Сол жерде барлығына тамақ берілді. Тынығуға жағдай жасалды", - деді Күлдіков үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Әзірше, жол жоқ. Сондықтан Ақкөлде қалған халықты Нұр-Сұлтан мен Көкшетауға эвакуациялау мәселесі пысықталып жатыр.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген комитет төрағасының орынбасары әскери техниканың шығарылғанын да айтты.
"Кеше алты БТР (бронетранспортер – Sputnik) шығып, қардың құрсауында қалған жүк көліктерді шығаруға көмектескен. Олар тас жолға барды. Сол жерде "фураларды" тартты. Ондай көліктер ауыр ғой", - дейді Күлдіков.
Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтандағы төтенше жағдайға байланысты резервтен қосымша 200 миллион теңге бөлінді. Оған қоса, мемлекеттік материалдық резервтен 100 техника шығарылып отыр. Бұдан бөлек, арнайы жылыту орындары мен шатырлар бар.
"Қазіргі кезде Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында жағдай ауыр болып тұр. Сосын Қарағанды облысы бар. Басқа облыстарда бөлек-бөлек учаскелер ғана жабылып тұрады", - деді Күлдіков.
Тағы оқыңыз: Далада боран соғып тұрса, жұмыстан ерте кетуге бола ма?