НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Қазақстанның Дубайдағы ЭКСПО көрмесіне жұмсайтын қаржысы қайта қаралады. Оған 9 миллиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, шығыстарды қысқарту мәселесі арнайы комиссияның отырысында қаралады. Сол жерде Дубайдағы ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін жұмсалатын қаржының көлемі де пысықталады.
"Комиссияда шығыстарды қысқарту жайы, әсіресе, осы мәселеге баса назар аударылады. Ол шара бізге не береді? Қаржының тиімділігі қандай? Әрбір экономикалық форумға салынған ақшадан Қазақстанға қанша инвестиция келеді? Осының бәрі қаралады", - деді Дәленов.
Оның сөзіне қарағанда, комиссия кезінде әрбір жобаның әкімшісі қаржының тиімділігін тағы дәлелдейді.
"Комиссияда шығыстардың тиімділігі дәлелденбесе, тиісті шешім қабылданады. Отырыста бюджеттік бағадарлама әкімшілері әрбір шығыстың тиімділігін дәлелдеуі тиіс. Дәл осы жағдайда ол - сауда және интеграция министрлігі", - деп атап көрсетті Дәленов.
Оқи отырыңыз: Тоқаев облыс әкіміне ақшаны оңды-солды шашпауға кеңес берді
Министр бұған дейін жасалған инвентаризацияның нәтижесінде 30 миллиард теңгенің үнемделгенін де жеткізді. Енді, Тоқаевтың тапсырмасынан кейін тағы бір инвентаризация атқарылады.
"Үкіметтің бүгінгі отырысында бір аптаның ішінде тиісті ұсыныстарды әзірлеу тапсырмасы берілді. Ал екі аптаның ішінде нақты қандай шығыстардың қысқартатынымызды анықтауымыз қажет", - деді Дәленов.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында қымбат көліктерді сатып алуға және түрлі форумдарды өткізуге мораторий жариялауды ұсынған болатын.
"Қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізу шығыстарына ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі тиіс", - деді Тоқаев.
Президент бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етуі керектігін атап өтті. Сол себепті ысырапшылдыққа жол бермеу керек.