НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті коронавирустан қаза болғандардың денелерін жаппай өртеп жатыр деген мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомство мессенджерлердегі арандатушылыққа сенбеуге шақырып, жағдай бақылауда деді.
Комитет дерегінше, Қытайдағы коронавирус пневмониясы әлемде алаңдаушылық тудырып отыр. Жаппай үрей туындап жатқандықтан барша халықты одан әрі дүрліктіру үшін желіде фейк ақпарат тарай бастаған.
Тағы оқыңыз: Қытай коронавирусы: Тоқаев мәлімдемесінен соң үкімет қандай шара қолданды?
"Қазір әлеуметтік желілер мен танымал WhatsApp мессенджерінде ауру жұқтырғандар саны миллиондаған, ал қаза болғандар саны мыңдаған адамға жетті деген мәлімет тарап жатыр. Бұған қоса, қайтыс болғандардың денесін пештерде жаппай өртеп жатыр деген дерек те бар. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды дейді", - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ресми хабарламасында.
Комитет Қазақстанда жағдай медициналық қызметтер мен барлық мемлекеттік орган мамандарының бақылауында деп сендірді.
Әуежайлар, теміржол вокзалдары мен көлік өткелдеріндегі барлық шекарадан өткізу пункті арнайы жылу тексергіш құралдармен жабдықталған. Денсаулық сақтау министрлігі жанынан 1406, +7 (7172) 76 80 43 cаll-орталығы да құрылған. Қазақстан азаматтары бұл номерлер арқылы тәулік бойы індетке қатысты кез келген мәліметті ала алады.
Қытайдағы коронавирус
2019 жылдың желтоқсанынан бастап Қытайда белгісіз коронавирустың таралуынан кейін ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы "жауып" тастады.
Бірінші болып Ухань қаласы "жабылды". Себебі қауіпті індет 11 миллионнан астам тұрғыны бар осы қаладан тараған болатын.
Карантин жарияланған қалалар арасында Чиби (534 мың адам), Эчжоу (1,08 миллион адам), Хуанган (7,5 миллион адам), Сяньтао (1,6 миллион адам), Чжицзян (550 мың адам), Цяньцзян (963 мың адам), Хуанши (2,7 миллион адам), Эньши (809 мың адам) мен Сяньнин (2,5 миллион адам) бар.
Бүгінгі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 80 адам көз жұмған. Бұған қоса, бұл ауру басқа елдерге де тарай бастаған.