НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар — Sputnik. Қытай Ресей президенті Владимир Путиннің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тұрақты мүшелерінің саммитін өткізу туралы ұсынысын қолдайды, деп мәлімдеді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин.
"Біз осы мәселе бойынша Ресеймен және Қауіпсіздік кеңесінің басқа тұрақты мүшелерімен байланыс пен үйлестіру жұмыстарын қолдауға дайынбыз", - деді ол.
Дипломаттың айтуынша, Қауіпсіздік кеңесі – бұл халықаралық ұжымдық қауіпсіздік механизмінің негізі, ал оның бес тұрақты мүшесі халықаралық бейбітшілікті сақтауға ерекше жауапты.
"Халықаралық аренадағы қазіргі жағдайды тұрақсыздық пен белгісіздіктің күшеюімен сипаттауға болады. Өзекті өңірлік мәселелер бірінен соң бірі шығып жатыр. Мультилатерализм мен БҰҰ рөлі үлкен тәуекелдермен бетпе-бет келіп отыр", – деп толықтырды Хуа Чуньин.
Ол биыл фашизмнің жеңіліс тапқанына және БҰҰ құрылғанына 75 жыл толғанын еске салды. Бұған қоса, бұны бүкіл әлем атап өтіп жатқанын айтты. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесінің байланысы, олардың жұмыстарының үйлесімі мен ынтымақтастығының нығаюы - соғыстан кейінгі бейбітшілік тәртіпті сақтау, БҰҰ және Қауіпсіздік кеңесі беделін қорғау, ғаламдық әрі өңірлік тұрақтылықты сақтау үшін аса маңызды.
Путин БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тұрақты мүшелері мемлекет басшыларының кездесуін өткізу идеясын жақында холокостты еске алу арналған бесінші дүниежүзілік форумда сөз сөйлеген кезінде ұсынды. Оның айтуынша, Ресей, Қытай, АҚШ, Франция мен Ұлыбритания өркениеттің сақталуына ерекше жауапкершілікке ие, деп хабарлады РИА Новости.
Біріккен ұлттар ұйымы бұған не дейді
БҰҰ да Путиннің Қауіпсіздік кеңесі "бестігі" басшыларының кездесуін өткізу идеясын бағалады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "бестігі" елдері өкілдері арасында пікірталас өткізуге бағытталған кез келген бастаманы қолдайды, деп мәлімдеді РИА Новости басылымына дүниежүзілік ұйым бас хатшысы ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак. Ол РФ президенті Владимир Путиннің бастамасына осылай түсініктеме берді.
Ресей президенті өзі ұсыныс жасағаннан кейін РФ "ұзаққа созбай, "бестік" басшыларына тиісті үндеу жолдауға ниетті" екенін де айтты.
Кейін Иерусалимде сөз сөйлеген Франция президенті Эммануэль Макрон Путинмен келісетінін жеткізді. Ол да БҰҰ негізін қалаған бес мемлекет әлемдегі жағдайға ерекше жауапты екенін атап, кездесу туралы идеяға қолдау білдірді.
"Негізінде, БҰҰ ұйымға мүше барлық елдер арасындағы достық қарым-қатынасты қолдайды. Сондықтан, әрине, Қауіпсіздік кеңесі бес тұрақты мүшесі арасындағы пікірталасқа көмектесу бойынша кез келген әрекет қолдауға ие болады", - деді Хак.