ТАЛДЫҚОРҒАН, 23 қаңтар — Sputnik. Алматы облысында мектепке бара жатқан жерінен жоғалған екі қыз табылды, деп хабарлады аймақтың полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқушылардың ата-анасы Ескелді ауданының полициясына 21 қаңтарда хабарласып, Алдабергенов ауылынан екі жасөспірімнің жоғалғаны туралы арызданған. Жоғалған балалар: 12 жастағы Талшын мен 14 жастағы Ару.
Жасөспірімдердің туыстарының айтуынша, таңертең қыздар мектепке кеткен, содан оралмаған. Кейін бұл екі оқушының да сол күні оқу орнында болмағаны анықталды.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында сабаққа бара жатқан екі қыз жоғалып кетті – оқиғаның мән-жайы
Волонтерлердің көмегімен ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары ауылдағы және жақын маңдағы елді мекендердегі барлық иесіз қалған үйді, шатырлардың астын, жертөлелерді тексерді. Іздестіру жұмыстарына Талдықорған мен Алматы полициясы да қосылды.
"Іздестіру жұмыстары барысында біздің қызметкерлер Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінен жоғалған балаларды тапты. Екі қыз да аман-сау. Олар туыстарына тапсырылды. Жасөспірімдердің Алматыға таксимен жеткені белгілі болды. Оқушылардың үйден кету себебі анықталып жатыр" – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.