НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Алматы маңындағы ұшақ апатына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу аясында 300 адамнан жауап алынған. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір тергеу жүріп жатыр, он төрт сараптама тағайындалды. Тергеу аясында 300 адамнан жауап алынды", - деді Ахметжанов мәжіліс кулуарында.
Ол "Бек Эйр" әуе компаниясының басшыларына қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмағанын атап өтті.
"Қаралған жоқ, тергеу жүріп жатыр. Нақты анықталған кезде ғана қандай да бір шешімдер қабылдануы мүмкін", - деді бас прокурордың орынбасары.
Ахметжанов ұшақ апатына қатысты әлі күдіктілер жоқ екенін нақтылады.
Алматы түбіндегі ұшақ апаты
Ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
View this post on Instagram
Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болды.