АЛМАТЫ, 22 қаңтар — Sputnik. Алматыдағы көне базарлардың бірі - Никольский базарының орнына тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматыдағы брифингте кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл базарда өз тауарларын 170 адам сатады. Олар базар қызметінің тоқтайтыны жайлы алдын ала ескертілді.
"Кейбір сатушыға Алмалы ауданындағы басқа базарлар, мысалы "Жұлдыз" және "Барыс-4" базарларынан орындар ұсынылды. Никольский базары сәуір айына дейін жұмыс істейді", - деп атап өтті Оразалин.
Маманның мәліметінше, көне базардың иелері аумақтың нысаналы мақсатын өзгертіп, жер комитетіне құрылыс жоспарын ұсынған.
"Бұл үшін оларда үш жыл уақыт бар", - деді басқарма басшысы Еркебұлан Оразалин.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда Шарын базарында өрт шықты