НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Иран азаматтық авиация ұйымы Boeing апатына қатысты екінші есептің алдын ала нұсқасын жариялады, деп хабарлады РИА Новости.
Ресми құжатқа сәйкес, жолаушылар ұшағы "жер-ауа" үлгісіндегі екі зымыранмен атып түсірілген екен. Екеуі де "Toр-M1" зениттік-зымыран кешенінен ұшырылған.
"Зымырандар тиген ұшақ бірден төмен құлдилай бастады. Сол кезде лайнер тұрғын үйлердің үстімен ұшып келе жатқан. Ұшақты шұғыл қондыруға әрекет жасалды. Бірақ ол ойын-сауық саябағындағы "кедергіге" соғылып, жерге құлады. Футбол алаңынан асқаннан кейін толығымен қирады да, өртке оранды", - делінген есепте.
Бұдан бөлек, мамандар апат хронологиясын да жасап шығарды. Оған сәйкес, Boeing 737-800 жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06.12-де Тегераннан ұшып шыққан. Ал үш минуттан кейін онымен байланыс үзілген. Сол кезде ұшақ 2 400 метр биіктікке көтеріліп үлгерген екен.
Сағат 06.18-де жолаушылар ұшағы радар экрандарынан жоғалды. Мехрабад әуежайындағы бақылау радарларына сәйкес, үш минут бұрын, яғни сағат 06.15-те ұшақ оңға қарай бұрылып, ұшу бағытын өзгерткен. Болжам бойынша, ол осы уақыт ішінде әуежайға қарай ұшып барып, жерге құлаған.
Ирандағы ұшақ апаты
Сәрсенбі, 8 қаңтар күні "Украина халықаралық әуежолдары" компаниясына қарасты Boeing 737-800 жолаушылар ұшағы Киев бағытында ұшқан болатын. Ұшақ Тегеран әуежайынан көтерілген бойда құлады.
Ресми деректерге сәйкес, 176 адамның барлығы қаза тапты. Олардың ішінде 167 жолаушы – Иран, Украина, Канада, Германия, Швеция мен Ауғанстан азаматтары мен экипаждың 9 мүшесі болған.
Иран азаматтық авиация ұйымының есебіне сәйкес, жолаушылар ұшағы жерге құламай жатып өртенген. Ал оның ұшу траекториясына қарағанда, экипаж әуежайға қарай қайта бұрылған, алайда штаттан тыс жағдай жайында хабар бермеген.