НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Елорда тұрғыны тастап кеткен әмиянның ішіндегі ақшаны такси жүргізушісі айыппұлдарын төлеуге жұмсаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Көпбалалы ана баласының оқуын төлеуге асыққан. Сөйтіп, такси шақырады. Ал баратын жеріне жеткеннен кейін әмиянның түсіп қалғанын байқамайы. Оның ішінде жеке құжаттары, ақша мен банк карталары болған.
"Әмиянымда екі банк картасы болды. Ақшаны баламның оқуына жинағанбыз. Бұдан бөлек, әмиянда 70 мың теңге көлемінде колма-қол ақша жатқан", - дейді Қарлығаш Байтүленова.
Ол әмиянның жоғалғанын білгеннен кейін бірден Есіл аудандық полиция басқармасының №18 бөлімшесіне хабарласқан. Полиция қызметкері бейнебақылау камералары арқылы көліктің нөмірін және жүргізушіні анықтады. Оның әмиянды тапқаннан кейін не істегенін де көрді.
Сөйтсе, бір тапсырыспен оңай олжаға кенелген такси жүргізушісі бірден айыппұлдарын жауып тастауға барған. Бәрін төлегеннен кейін әмиянды лақтырып тастайды. Полицейлер ол жерден әмиянды таба алмады. Бірақ жақын жердегі дүкендерді аралау кезінде ары-бері өткен адамдардың әмиянды тауып, азық-түлік дүкендерінің біріне тастап кеткенін анықтайды.
Тағы оқыңыз: Алматыда такси ұстап тұрған екі қыз бен жігітті көлік қағып кетті
"Мен учаскелік инспектор, полиция майоры Бақдәулет Саховқа ерекше алғыс айтайын деп едім. Ол менің жағдайымды бірден түсініп, қысқа уақыттың ішінде көлік жүргізушісін тауып алды. Оның кім екенін анықтады және менің заттарымды қайтарып берді", - деп атап көрсетті Байтүленова.