НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті "Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына жұмысқа орналасуға мораторий жариялауы мүмкін. Жарлықтың жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
"Б" корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға жалпы конкурстарды жариялауға 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін мораторий енгізілсін", - делінген құжатта.
Еңбек заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік қызметшілердің штат санын 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 5 пайызға қысқарту ұсынылып отыр.
Құжат 27 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылады.
Мораторийдің кімдерге қатысы жоқ
Мораторийдің жаңадан құрылатын және/немесе қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдарға қатысы болмайды деп болжанып отыр.
Мына мемлекеттік органдарда штат саны қысқартылмайды:
- адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық;
- ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары;
- жоғары сот кеңесі;
- конституциялық кеңес;
- қорғаныс министрлігі;
- парламент палаталарының аппараттары;
- президент әкімшілігі;
- президенттің іс басқармасы;
- премьер-министрдің кеңсесі;
- тұңғыш президент – Елбасының кеңсесі;
- тұңғыш президенттің мұрағаты;
- орталық сайлау комиссиясы.
Жарияланған мораторийлер
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялаған болатын.
Тоқаев жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады
Сондай-ақ мемлекет басшысы 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізуді тапсырды.