НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Пермь қаласының отелінде ыстық суға толы құбыр жарылып, салдарынан бес адам қатты күйіп қаза тапты.
"Алдын ала мәлімет бойынша, қайнаған суға толы құбырдың жарылу салдарынан төрт адам көз жұмды", - деп хабарлады РИА Новости басылымына Пермь өлкесінің өңірлік қауіпсіздік министрлігі. Кейін медицина қызметкерлері қайтыс болғандар саны бес адам деп нақтылады.
Денсаулық сақтау министрінің дерегінше, құбыр жарылуынан үш адам зардап шекті.
"Үш адам зиян шегіп, ауруханаға жатқызылды. Бес адам қаза болды. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шақыру түскеннен кейін 10 минут өткен соң жетті", - деп хабарлады Пермь өлкесінің денсаулық сақтау министрі Оксана Мелехова.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға жекеменшік отельде болған. Қайнаған су жертөле қабатында орналасқан бөлмелерге кіріп кеткен. Салдарынан қонақүйдегі адамдар күйіп қалған.
Тағы оқыңыз: Қытайда қауіпті індет өршіп барады