НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында полиция атыс және суық қаруды қолданып атыс ұйымдастырған бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға 16 қаңтар күні Панфилов ауданының Көктал ауылында болған. Салдарынан атысқа қатысы бар төрт адам Жаркент ауруханасына түсті, сондай-ақ оқиға орнына жақын маңнан 27 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды.
Ведомствоның ресми ақпаратынша, атысты он шақты адам ұйымдастырған. Олардың кім екені анықталды, үшеуі қамауға алынды.
"Төртеуі ауруханаға жеткізілді. Бұдан бөлек, жедел тергеу шаралары барысында тағы үшеуі ұсталды. Аудандық соттың шешімімен олар қамауға алынды", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру), 293-бабы (Атыс қаруын қолданып жасалған бұзақылық) және 24-бабы (Адам өлтіруге оқталу) бойынша тергеу жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар белгіленді.
Тағы оқыңыз: Шымкенттегі атыс: оқиғаның тағы бір видеосы желіде тарап кетті
Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiн немесе өмiр бойына сотталуы мүмкін.
Полиция тергеу облыстық тергеу басқармасының өндірісіне алынғанын және ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Екі пышақ пен үш тегіс ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленіп, заттай айғақ ретінде іс материалдарына қосылған.
Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.