Қоғам

"Сатып алды": бұрынғы вице-министрдің адвокаты куәгерге қатысты мәлімдеме жасады

© Sputnik / Абзал КалиевСудебное разбирательство в отношении экс-заместителей министра энергетики - Гани Садибекова и Бакытжана Джаксалиева
Судебное разбирательство в отношении экс-заместителей министра энергетики - Гани Садибекова и Бакытжана Джаксалиева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Адвокаттың айтуынша, куәгер тергеу органдарына тәуелді болып отыр. Сол себепті айыптаушы тараптың нұсқауымен түсінік беруге мәжбүр

НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Айыптаушы тарап басты куәгер Бизара Досмақованы "сатып алды". Бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековтың адвокаты Альмира Шайхина сотта журналистер алдында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елорданың Байқоңыр аудандық № 2 сотында энергетика министрлігінің бұрынғы вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевтің ісіне қатысты сот процесі жалғасты. Екеуіне де Щучье-Бурабай демалыс аймағындағы көлді тазартуға бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.

Осы іс бойынша сотта айыптаушы тараптың куәгері Бизара Досмақова (энергетика министрлігі қалдықтарды басқару департаменті директорының бұрынғы орынбасары – Sputnik ескертпесі) да түсінік берді.

Бұған дейін Досмақованың өзі осы қылмыстық істің фигуранты болған еді. Алайда өз ісіне өкініп, тергеу органдарымен жұмыс істеуге келісуіне байланысты оған қатысты іс тоқтатылған.

Бүгінгі сот процесінде сотталушы Ғани Сәдібековтің адвокаты Альмира Шайхина журналистер алдында вице-министрлердің ісіндегі басты куәгерді тергеу органдары "сатып алды" деп мәлімдеді.

Энергетика вице-министрі үй қамаққа алынды

"Бүгін біз оның (айыптаушы тараптың куәгері Досмақова – Sputnik) сөзін шындық ретінде қабылдап отырмыз. Алайда оның шындығы ешқандай материалдармен сәйкес келмейді. Нақты білмеймін, топшылап отырмын деп өзі айтып отыр ғой. Оның болжамды жауабы дәлел бола алмайды. Бірақ ол айыптаушы тараптың басты куәгері, сондықтан да мемлекеттік айыптаушылар оны түсінік беру үшін шақырып отыр. Бұл жағдайда ол тергеудің құрбаны. Әрине, екі баланың анасы үшін күдікті статусында жүру өте қорқынышты. Осылайша тергеу оны "сатып алды" деуге болады",  - деді Шайхина журналистерге.

Адвокаттың айтуынша, куәгер тергеу органдарына тәуелді болып отыр. Сол себепті айыптаушы тараптың нұсқауымен осындай түсінік беруге мәжбүр.

Алайда мемлекеттік айыптаушы Сәуле Сыдықова тергеу органдары куәгермен ешқандай мәмілеге келген жоқ дейді.

"Айыптау тарапы қалай сатып алады? Бұл не қылған әңгіме өзі? Айыптау тарапының куәгерінен судья жауап алды, енді қандай сұрақ туындауы мүмкін", - деді Сыдықова.

Мемлекеттік айыптаушы Досмақова өз ісіне өкініп, тергеуге жәрдемдесуге келісуіне байланысты оған қатысты іс тоқтатылған. Әу баста куәгерге қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-тармағы 3-тармақшасы бойынша (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) іс қозғалған. 

"Ол вице-министрлерге қатысты жауап берді, олардың қылмыс жасағанын айғақтады", - деді Сыдықова.

Ғани Сәдібековтің ісі

Бұрынғы энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков 2018 жылдың 2 наурызында ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның мәліметінше, ол мердігер ұйым "Аймақ" ЖШС басшысымен сыбайласып, Щучье-Бурабай демалыс аймағындағы көлді тазартуға бөлінген қаражатты жымқырған.

Оған бюджетке бір миллиард теңгеден астам шығын келтірді деген айып тағылған болатын.

Ғани Сәдібеков өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Сотталушының адвокаты мемлекетке ешқандай шығын келген жоқ, көлдерді тазартудың мемлекеттік бағдарламасы заңға сәйкес орындалды деп сендіріп отыр.

Бұл іс бойынша энергетиканың бұрынғы вице-министрі Бақытжан Жақсалиев те ұсталған еді. Ол мемлекетке 740 миллион теңге шығын келтірді деп айыпталды.

Жаңалықтар
0