НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Атыраудағы "Авангард-3" шағын ауданының тұрғыны жылу жолының жанынан тірі туған нәрестені тауып алды, деп хабарлады "Ақ Жайық" порталы.
Басылымның мәліметінше, сәрсенбі, 15 қаңтар күні таңертең көшеде келе жатқан әйел баланың жылаған дауысын естиді, жақындап барғанда жылу жолының жанында жатқан орамалға оралған нәрестені көреді. Сәбиді үйіне алып барып, полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Оқи отырыңыз: Ақтөбелік жігіт тастап кеткен анасын іздеп тапқанына өкініп қалды
Дәрігерлер нәрестенің қыз бала екенін хабарлады. Ол қатты тоңып қалған, тұрақты ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі уақытта сәби кувезге (автоматты оттегі беретін және қолайлы температураны сақтайтын құрылғы – Sputnik) орналастырылды, жағдайы тұрақты. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр.