НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Әнуар Садықұлов ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Әнуар Төлеуханұлы Садықұлов Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – "А" Арнаулы мақсаттағы қызметінің директоры болып тағайындалды", - делінген өкімде.
Ұлттық қауіпсіздік комитетін Кәрім Мәсімов басқарады.
Бұған дейін Әнуар Садықұлов мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болды. Оның орнына мемлекеттік күзет қызметіне Қалмұханбет Қасымов келді.
Садықұлов туралы не білеміз
1967 жылғы 7 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.
1991 жылы Алматы зооветеринар институтын бітірген. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған. 1985-1987 жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында мерзімдік әскери қызметтен өтті.
Еңбек жолы
1992 жылы ҚР президенті күзет қызметінің әскери қызметіне алынды. Қызметін Қазақстан президентінің жеке күзетінің әр түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарында өткерген.
2006 жылы Қазақстан президенті күзет қызметі бастығының орынбасары – жеке күзет департаментінің бастығы болып тағайындалды.
2012 жылы Қазақстан президенті күзет қызметі бастығының орынбасары – президент қауіпсіздігі қызметінің бастығы лауазымына тағайындалған.
2013 жылы – Қазақстан президенті күзет қызметінің бастығы болды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Қасымовты жаңа қызметке тағайындады
2014 жылы мемлекет басшысының өкіміне сәйкес ҚР мемлекеттік күзет қызметінің бірінші бастығы болып тағайындалды.
2014 жылғы шілдеден ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – "Арыстан" қызметінің бастығы болды.
2019 жылдың маусымынан бері мемлекеттік күзет қызметінің бастығы қызметін атқарды.
2017 жылдың мамырында Садықұловқа ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты атағы берілді.