НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, дерп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылдың 15 қаңтарында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабының 2-бөлімі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді", - деп жазылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы уақытта басқа мәлімет тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
15 қаңтарда WhatsApp мессенджерінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Аудиода әкімнің жиналыс үстінде ұсталғаны айтылған.
Кейін облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, бұл ақпаратты растайтын ресми деректер жоқ екенін мәлімдеді. Ресми деректер жарияланғанға дейін қандай да бір тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырды. 16 қаңтар таңертең әкімнің баспасөз қызметі облыс әкімдігінің басшылығы штатты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Болат Бақауов 2016 жылдың наурыз айында Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалған болатын.