Қоғам

Арыстағы жойқын жарылыс: кімдер тергеуге алынды

© AFP 2024 / Sandor GemesЧеловек в наручниках держит официальный документ, фото из архива
Человек в наручниках держит официальный документ, фото из архива - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Арыстағы жарылыс болған әскери бөлім басшысының орынбасарына қатысты бұлтартпау шарасы өзгерді. Ол енді денсаулық жағдайына байланысты үйқамақта отырады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар — Sputnik. Арыстағы әскери қоймада болған жойқын жарылысқа байланысты сегіз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның үшеуіне қатысты аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша айып тағылып отыр.

Sputnik Қазақстан редакциясында Арыстағы жарылыс бойынша жариялауға рұқсат етілген материалдар бар.

Қызметтеріне атүсті қарады

Арыстағы әскери бөлім басшысы және оның орынбасары "қызметіне салғырт қарады және қаруды пайдалану тәртібін бұзды" деген күдікке ілінді. Оларды қамау мерзімі 2020 жылдың 23 қаңтарына дейін ұзартылды. Тек әскери бөлім басшысының орынбасарына қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріп, ол денсаулық жағдайына байланысты үйқамақта отыратын болды.

Сондай-ақ, бұл баптар бойынша келесілерге қатысты тергеу басталды:

  • бас зымыран-артиллериясы басқармасына қарасты техникалық бақылау басқармасының басшысы, қарулы күштердің тыл және қару-жарақ басқармасының басшысы. Қамау мерзімі 30 қаңтарға дейін ұзартылды;
  • бас зымыран-артиллериясы басқарма басшысы, қарулы күштердің тыл және қару-жарақ басқармасының басшысы. Қамау мерзімі 30 қаңтарға дейін ұзартылды;
  • А. есімді азаматқа қатысты (ҚР қорғаныс министрінің бұйрығымен) үйқамақта отыру мерзімі 30 қаңтарға дейін ұзартылды.

Бөтеннің мүлкін иемденді

Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы 2-тармақшасы (аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша үш адам күдікке ілінді:

  • Қорғаныс министрлігі Шымкент аудандандық пайдалану бөлімі басшысының үйқамақта отыру мерзімі 18 қаңтарға дейін ұзартылды;
  • Қорғаныс министрлігі Шымкент аудандандық пайдалану бөлімі басшысы орынбасарының үйқамақта отыру мерзімі 21 қаңтарға дейін ұзартылды;
  • KONTRA ЖШС директорына қатысты кепілдік түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға рұқсат етілді.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, KONTRA компаниясы күзет жүйесі және жарық құралдарын сатумен шұғылданады.

Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-тармағы (қызметке салғырт қарау) бойынша сотта күдіктінің айыбы дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Қылмыстық кодекстің 462-бабының 3-тармағы (Қару-жарақпен жұмыс істеу ережелерін бұзу) бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы, 2-тармақшасы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру мен мүлкiн тәркілеу қарастырылған. Бұған қоса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы қолданылады. 

Арыстағы жарылыс

2019 жылдың 24 маусымында таңғы сағат 10 шамасында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Ал 11 қазанда Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлім инженерлік қызметінің басшысы көз жұмды.

Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты Қарулы күштер жүйесінен шығарып жіберді. Бұған қоса, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

Жаңалықтар
0