НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлер үшін Жапониядағыдай әлеуметтік пакет құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз мемлекеттік қызметкерлерге тиісті әлеуметтік пакет құруымыз қажет. Мәселен, Жапониядағыдай. Ол жақта департамент директоры деңгейіне көтерілген мемлекеттік қызметкерлер қуана-қуана зейнетке шығады. Өйткені әлеуметтік пакетпен қамтылған", - деді Тоқаев президенттік жастар кадрлық резервімен кездесуінде.
Екінші жағынан, президенттің айтуынша, бірнеше жыл министрлікте еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосқандықтан, қоғамда сый-құрметке ие.
"Менің ойымша, біз де осыған келуіміз керек", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Тоқаев құрған кадрлық резерв: биыл 100 жас лауазымды қызметке тағайындалады
Айта кетсек, бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадрлық резервімен кездесті.
Президенттің кадрлық резерві мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жастарды тарту үшін құрылды. Алғашқы тізімге 300 адам еніп отыр.
Кадрлық резервтің мақсаты – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік сатының ұтымды жүйесін құру. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдар босай қалған жағдайда, президенттік резервке іріктелген жастардың кандидатурасы қаралады.