Роза Рымбаева 1957 жылдың 28 қазанында бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе станциясында теміржолшы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы оның есімін Роза Бағланованың құрметіне қойыпты.
Шығармашылық жолы
Роза Рымбаева 1974 жылы Семейдегі музыкалық училищеге түсіп, 3 жыл оқиды. Бұдан кейін Алматыдағы театралдық-көркем өнер институтында оқып, оны 1984 жылы бітіреді. Алматы қаласындағы театрлық көркемдік институттың музыкалық драмалық комедиясы факультетінде білімін шыңдайды.
Көптеген халықаралық конкурстың гран-при иегері атанған Роза Рымбаева 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанды.
Роза Рымбаева 1977 жылы Болгариядағы "Золотой Орфей" фестивалінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға арналған "Әлия" әнін шырқаған соң ерекше танымал болды. Ол бұл байқауда гран-при жүлдесін ұтып алды.
1977-1979 жылдары "Песня года" фестивалінде ән шырқап, КСРО-ның "Звуковая дорожка" хит-парадында үздіктердің қатарынан көрінді.
1976-1979 жылдары республикалық "Гүлдер" жастар–эстрадалық ансамблінің солисі, 1979 жылы "Қазақконцерт" бірлестігі жанындағы "Арай" эстрадалық ансамблінің солисі болып сахнаға шықты.
1979 жылы Роза Рымбаева Ыстамбұлдағы халықаралық әншілер байқауында лауреат атанып, 1983 жылы Кубада өткен "Гала – 83" халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды.
Әншінің орындауындағы Т. Ерешевтің "Гүлдене бер, туған жер", Нұрғиса Тілендиевтің "Куә бол", Б. Байқадамовтың "Айгөлек", Ж. Тұяқбаевтың "Атамекен", Т. Сарыбаевтың "Отандастар" әнін тыңдарман қауым жылы қабылдады.
Роза Рымбаева "Бір бала", "Сәулем-ай", "Кебек", "Назқоңыр", "Әгугай" және тағы басқа халық әндерін нақышына келтіре орындады.
Әнші халық арасында киноактриса ретінде де танымал. Ол "До свидания, Медео" фильмінде басты рөлді сомдады, әрі "Первая песня" фильмі, "Женский взгляд". Роза Рымбаева", "Роза", "Хвост кометы". Роза Рымбаева", "И снова здравствуйте!" деректі фильмдеріне түсті.
Отбасы
Роза Рымбаева 1979 жылы дирижер, композитор Тасқын Оқаповқа тұрмысқа шығып, Әли және Мәди есімді екі ұл дүниеге әкелді. 1999 жылы күйеуі өмірден өтті. Әнші "Бақытты әйел" бағдарламасына берген сұқбатында оны сағынып жүргенін, әлі жақсы көретінін айтып, ағынан жарылды.
"Мен шығармашылық үшін жеке өмірімді құрбан еттім. Менің осындай деңгейге көтерілуіме жолдасым Тасқын Оқапов үлкен еңбек сіңірді. Соның арқасында Халық әртісі деген атақ алдым. Күйеуімді сағынамын. Жас келген сайын ол кісінің жоқтығын сезініп келемін. Екеуіміздің арамызда келіспеушіліктер болды. Күні бойы "айым, күнім" деп отырдық деп айта алмаймын. Отбасы болған соң, шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды ", - дейді ол.
"Үлкен қорқыныш болды..."
Әнші күйеуі өмірден озған соң, уайымға берілгенін де жасырған жоқ.
"Екі ұлым әкесіз қалған кезде, менде үлкен қорқыныш болды. Мен жыл бойы сапарда жүремін. Маған бірдеме болып кетсе, бұлар қайтеді деген қорқыныш болды. Содан тым құрыса атағым балаларыма көмек болар деп ойладым. Сол қорқыныштан екеуінің де тегін "Рымбаев" деп ауыстырдым. Бірақ, мектеп бітірген кезде Әли "Мама, мен Оқапов боламын" деді. Келістім. Мәди менің тегімде қалды. Мен қуаныштымын. Мәселе текте емес. Олар өмірде өз орындарын тапса екен", - деді Роза Рымбаева берген сұқбатында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әңгіме барысында ол кеш ана атанғанын, соған қарамастан бақытты әйел екенін атап өтті. Әнші тұңғыш ұлы Әлиді 33 жасында өмірге әкелген.
"Кеш ана атандым. Кезінде Әлиді туып, кейін бірнеше бөпені дүниеге әкелсем, осындай жоғары деңгейге жетпей қалар ма едім? Құдайға шүкір, Әли жалғыз емес. 9 жылдан кейін Мәди дүниеге келді. Құдай берген екі балам бар. Шынымды айтсам, бақытты әйелмін. Әншіліктен гөрі аналық бақытым мен үшін бірінші орында", - дейді халық әртісі.
"Қателескенімді мойындадым"
Роза Рымбаева күйеуі өмірден өткен соң, барлық уақытын балалары мен шығармашылығына арнағанын айтты. Бірақ өзіне ұнаған адамдар болғанын жасырған жоқ.
"Кеше ғана достарыммен кездестім. Наурызды тойлау үшін достарым мейрамханаға шақырды. 10 шақты адам отырдық. Онда достарым арқылы көңіл білдірген адамдар болды. Қазірге дейін маған ғашықпын деп сезімін білдіретіндер көп. Тасқын өмірден кеткеннен кейін екі баламды өсіргім келді", - дейді ол.
Әнші екі ұлын балабақшаға, мектепке, музыка үйірмесіне апарып жүрген. Сондай-ақ арасында гастрольге шығып, ән айтқан. Осылайша, уақыттың қалай өткенін байқамай қалыпты.
"Әйтеуір, тиын-тебенінді табасың. Сондай-ақ, шығармашылығыңды ұмытып кетуге болмайды. Осылайша, уақытым зымырап өте шықты. Арасында кездескен адамдар болды. Бірақ Тасқынмен салыстырдым. Ол кісі Тасқыннан асып түсуі керек. Олай болмаса, ол менің адамым емес. Мен де бір-екі адамға қызықтым. Араласа келе менің адамым емес екенін түсіндім, қателескен екенмін", - дейді Роза Рымбаева.
"Фонограммамен ән айтпаймын"
Қазақстанның халық әртісі өзіне әрқашан жоғары талап қоятынын, сахнаға дайындықсыз шықпайтынын жеткізді.
"Мен сахнаға ешқашан дайындықсыз шықпаймын, ешқашан фонограммамен ән айтпаймын. Сондай-ақ сахнаға шығардың алдында ең бірінші дұрыс микрофон, музыкалық аппарат, жарықтың дұрыс қойылуын, сахнаның таза болуын талап етемін. Бұған қатты мән беремін", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әншінің мінезі қандай?
Роза Рымбаева шыншылдықты жақсы көретінін, осы уақытқа дейін ешкімді алдамағынын айтып ағынан жарылды.
"Менің бетке айтатын қырсық мінезім бар. Шындықты жақсы көремін. Өзім ешқашан ешкімді алдамаймын. Біреу алдаса, оған көп шыдай бермеймін", - дейді әнші.
Рымбаева нені армандайды?
Қазақстанның халық әншісі балаларының үлкен азамат болғанын, тезірек әже атанғысы келетінін атап өтті. Оның пікірінше, келін тәрбиелі және ақылды болуы керек.
"Балаларымның бақытын ойлаймын. Мейлі, олар бала-шағасымен менен бөлек тұрсын. Мен анда-санда келіп, немерелерімді иіскеп, шай ішіп тұрайын. Мен оларға кедергі болғым келмейді. Ондай да жоспарым бар. Бірақ оларға көмектесуім де керек қой. Кішкентай нәрестелі болған кезде оларға көмекші, қамқоршы болуым қажет. Оның барлығы алдағы уақыттың еншісінде", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар Роза Рымбаева өзінің туған-туыстарына шексіз алғысын білдірді.
"Туған-туыстарым мен сіңлілерім отбасымның бір бөлігі. Менің гастрольге шығып, халыққа еркелеп жүргенім бауырларым мен туысқандарымның арқасы. Себебі, Әли мен Мәдиді оларға тастаймын да, кете беремін. Олар баларға қарайды, жалғызсыратпайды. Олар болмағанда мен жалғыз өзім оларды өсіре алмаушы едім. Құдайға шүкір, мен туысқандарыма ризамын", - деп түйіндеді сөзін ол.