НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің қызметкері шекарада ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Кеше БАҚ-та қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің әкімшілік-техникалық персоналының қызметкері ұсталды деген ақпарат тараған болатын. Ол алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандық әйелді дипломатиялық нөмірі бар автокөлікпен шекарадан шығармақ болыпты-мыс.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі Sputnik Қазақстанға бұл оқиғадан хабардар екенін айтты. Алайда елшілік қызметкерін ешкім ұстамағанын нақтылады.
Тағы оқыңыз: Атамбаевты ұстау операциясы: Тоқаев пікір білдірді
"10 қаңтарда қырғыз тарапында "Ақ жол – Қордай" мемлекеттік шекарасының бақылау-өткізу пунктінде Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің әкімшілік-техникалық персоналы қызметкерімен болған жағдайды растаймыз. Қазір қырғыз тарапымен бірлесіп бұл оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз", - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Айтуынша, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай туралы толық мағлұмат кейінірек хабарланады.