НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Синоптиктер жариялаған ескертулердің бірі – Қызылорда облысында өзен суы деңгейінің көтерілуі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Мұздық құбылыстарға байланысты Сырдария өзені – Қазалы қаласы (Қызылорда облысы) су деңгейі 630 см дейін көтерілді және де қауіпті белгіге жақындады", - делінген ақпаратта.
Мәліметте шекті деңгей 743 см деп көрсетілген. Яғни, бұл көрсеткішке жеткенде елді мекенді су басу қаупі пайда болады.
"Су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтіледі", - деп жазылған хабарламада.
10 қаңтарда Қызылорда облысында тағы бір дабылды ескерту жарияланды.
"Өңірдің кей жерлерінде тұман, көктайғақ сақталады. Таңертең және күндіз солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші кейбір аумақта 15-20 м/с жетеді", - делінген ақпаратта.
Бұған қоса, ертең Түркістан облысында ауа райы бұзылады.
"Кей жерлерде тұман түседі. Күндіз кейбір аумақта оңтүстік-батыстан соғатын жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Түркістан қаласын түнде және таңертең тұман басады", - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, Қазгидромет синоптиктері 10 қаңтарда Қостанай облысында дабылды ескерту жариялады. Олар аймақтың кей жерлерінде тұман сақталады дейді.
Мегаполистердегі ауа райы
Нұр-Сұлтанда ертең күн бұлтты, жауын-шашын болмайды, түнде -18℃, күндіз -14℃.
Алматыда 10 қаңтарда күн бұлыңғыр болады, түнде -8℃, күндіз -3℃ суық.
Шымкентте ертең күн ала бұлтты, ауа температурасы түнде -3℃, күндіз +7℃. Кешке қарай жел күшейеді.