НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Бейсенбіде ЕҚЫҰ бас хатшысы Томас Гремингер РИА Новостиге Sputnik Эстония төңірегіндегі жағдайға байланысты жолданған"Россия сегодня" ХАА хатын алғанын хабарлап, оған жауап берді.
Sputnik Эстония қызметкерлері Эстония билігі тарапынан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін бап бойынша қылмыстық қудалау қаупі төнуіне байланысты редакциядағы жұмысын 2020 жылдың 1 қаңтарынан тоқтатуға мәжбүр болды.
Бірінші қаңтарда Sputnik Эстония сайты төтенше режимде жұмыс істеуге көшкені белгілі болды.
"Жағдайдан хабардармын. Хатты алып, оған 31 желтоқсанда жауап бердім", - деп РИА Новости Гремингердің сөзінен үзінді келтірді.
"Мен сонымен қатар БАҚ үшін жауапты институт – ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі кеңсе өкілі бұл мәселені қадағалайтынын қуана хабарлаймын. Осыған байланысты ол Эстония билігімен байланыс орнатты. Ол шетелдік журналистердің жұмысына кедергі жасамау қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, оларға хат жібергенін білемін", - деп толықтырды ЕҚЫҰ бас хатшысы.
Sputnik Эстония төңірегіндегі дау
Осы жылдың күзінде Sputnik Эстония қызметкерлері үкімет пен қаржы мекемелері тарапынан қысымға ұшырады. Халықаралық банктердің Эстониядағы филиалдары жалақы, салық және басқа да төлемдерді бұғаттап тастаған. Соның салдарынан жалға беруші редакциямен кеңсені жалға алу туралы келісімшартты бұзуға мәжбүр болды.
Желтоқсан айының ортасында полиция және шекара күзеті департаменті Sputnik Эстонияға хат жолдады. Оған сәйкес, Sputnik Эстония қызметкерлері 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін бас ұйыммен еңбек қатынасын тоқтатып, жұмыстан кетпесе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тағы оқыңыз: Назарбаев Путинмен қалай дауласқанын айтты
Эстония билігі мұны 2014 жылдың 17 наурызында Еуроодақтың Украинадағы оқиғаларға байланысты бірқатар жеке және заңды тұлғаға қарсы санкция енгізуімен түсіндірді.
Ресей президенті Владимир Путин Sputnik-тің басқа елдердегі жұмысына қолдау көрсету үшін барлық шара қолға алынатынын мәлімдеді.
"Россия сегодня" ХАА және RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян Эстония президентін журналистердің қамауға алынуына жол бермеуге шақырды.
Өткен жылдың 30 желтоқсанында эстониялық Swedbank Sputnik Эстония редакциясының қызметкерлеріне банктегі шоттары жабылғанын және қызмет көрсету туралы келісімшарт бұзылғанын хабарлады.