НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. 2020 жылы елордалық 2 мыңға жуық отбасы "Бақытты отбасы" бағдарламасының аясында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға тұрғын үйді сатып алудағы көмек жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылады. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 1 миллион теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.
Өткен жылы бағдарлама аясында елордалық 721 отбасы тұрғын үймен қамтылған. "Бақытты отбасы" бағдарламасының екінші кезеңін наурыз айына жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: Министр зейнетақы жинағындағы ақша қандай сомадан бастап берілетінін айтты
Тұрғын үйге үміткер азаматтар санатына көп балалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелейтін отбасылар жатады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Тұрғын үй беру бойынша азаматтарды есепке алу бөлімінің басшысы Данияр Балтиннің айтуынша, қарыз 2%-бен беріледі, яғни отбасы 10 миллион теңге қарыз алса, ай сайынғы төлем 20 жылға шаққанда 50 мың теңгені құрайды. Ал артық төлем 2 миллионға тарта теңгені құрайтын болады.
Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге қаражат бөлінгендігін атап өткен жөн.
Осы жылы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.