НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысында із-түзсіз жоғалып кеткен жүргізушінің денесі өзеннен табылды, деп хабарлайды жергілікті vera.kz порталы.
Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің мәліметіне сәйкес, ер адам Opel Vectra көлігінің тізгініне ие бола алмай, "Газалкент" каналына құлап кеткен.
Қайлығы оқиға 22 желтоқсан күні Қазығұрт ауданы Қызылсеңгір аулының маңында болған.
"Қаза тапқан жүргізушінің туыстары көлікті судан шығару үшін автокран шақыртыпты. Автомобильді жоғары көтерген кезде оның терезесінен адамның денесі құлап кеткен. Санаулы секундта оны өзен ағысы алып кетті. Осыдан соң оқиға орнына құтқарушы отряд шақырылған", - делінген хабарламада.
Оқиға орнына шұғыл жеткен сүңгуірлер қиын жағдайда жұмыс істегенін атап өтті. Өзен ағысының жылдамдығы 10 м/с құрапты. Құтқарушылар үш метр тереңдікке түсіп, ештеңе көре алмаған. Сондықтан жеті күн таңертең жұмыс істеуге мәжбүр болған.
"Іздестіру жұмыстары барысында екі мың шаршы метрді құрайтын өзен түбінен жүргізушінің денесін іздедік. Алайда нәтиже ойдағыдай болмады. Сонымен қатар, мамандар моторлы қайықпен өзеннің 157 шақырымын жүзіп өтіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бізге жергілікті тұрғындар, жоғалып кеткен ер адамның туыстары, полицейлер көмектесті", - дейді құтқарушылар.
Жүргізушінің денесі 29 желтоқсан күні көлік құлаған жерден 12 шақырым қашықтықтан табылыпты.