Қоғам

"Бір жарым миллион теңге өтемақы алуға болады": видеоға түсініктеме берілді

© Sputnik / Владислав ВодневМобильный телефон в руке, архивное фото
Мобильный телефон в руке, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қаржы министрлігі халықты қосарланған құн салығының өтемақысы қайтарылатыны туралы видеоға сенбеуге шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Youtube желісінде тараған видеоның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жаңа жылдың алдында қазақстандықтар WhatsApp арқылы Youtube желісінде жарияланған видеоны тарата бастады. "Сообщили новость" деп аталатын роликте "tax free" бойынша қосарланған құн салығының өтемақысын қайтару тәртібі жайында айтылады. Онымен 100 000 – 1 500 000 теңгенің өтемақысын алуға болады-мыс.

Тағы оқыңыз: Астанада сүйіктісіне 700 мың теңгеге сыйлық жасамақ болған жігіт тақырға отырды

Видеоға сәйкес, алдымен арнайы сайтқа өту керек. Одан кейін 5 мың теңгенің көлемінде заңгерлердің ақысы төленеді. Соңында банк картасының нөмірін енгізу арқылы өтемақыны алуға болады. Автолар осының бәрін тәптіштеп түсіндірген. Тіпті, осы жаңалықты қазақстандық бір арнадан көрсеткендей етіп келтірген. 25 желтоқсанда жаряланған видеоны 1 миллионнан астам адам көріп шыққан.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Комитеттің ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, бұл - алаяқтардың әрекеті.

"1 500 000 теңгеге дейін қосарланған құн салығының өтемақысы қайтарылады" деген видеодағы ақпарат шындыққа жанаспайды. Монтаж екені анық көрініп тұр. Сосын картаның нөмірін енгізу керек дейді. Осының өзі қауіпсіз емес. Біздіңше, бұл – алаяқтардың әрекеті", - деді Әбділов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда "tax free" жүйесі бар. Бірақ ол тек шетелдік туристер үшін Алматыдағы "Esentai Mall" сауда орталығында пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Оған сәйкес, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қосарланған құн салығы қайтарылады.

"Осылайша, Қазақстанда қосарлаған құн салығының өтемақысы тек "tax free" жүйесі бойынша тауар алатын шетел азаматтарына ғана беріледі", - деп атап көрсетті Әбділов.

Жаңалықтар
0