Қоғам

Жаңа жәрдемақы: көпбалалы отбасыларға 17 млрд теңге төленеді

© Sputnik / Абзал КалиевҚазақстанның ұлттық валютасы - теңге
Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биылдан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді, оны 346,8 мың отбасы алады

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Осы жылдың қаңтар айында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін бюджеттен 17,7 миллиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 2020 жылдың қаңтарында 17,7 миллиард теңге көзделген", - делінген хабарламада.

Министрліктің ақпаратынша, зейнетақы мен жәрдемақыларды қаржыландыруды екінші деңгейдегі банктерде біркелкі бөлу үшін ақша кезең-кезеңмен аударылады.

Бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына 12,5 миллиард теңге аударды.

Корпорация 5-8 қаңтар аралығында, кестеге сәйкес, ақшаны жәрдемақы алатындардың есепшотына аударады.

Ал қалған 5,2 миллиард теңге "Азаматтарға арналған үкіметке" таяу күндері жіберіледі.

Тағы оқыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы 2020: кімге, қалай және қанша төленеді?

2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге бюджеттен жалпы 177,6 миллиард теңге қарастырылған. Ай сайынғы жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алады.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың қаңтарынан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға табысына қарамастан жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

  • 4 балаға – 42 496 теңге;
  • 5 балаға – 53 127 теңге;
  • 6 балаға – 63 757 теңге;
  • 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.
Жаңалықтар
0