Қоғам

Сенсация жасады: 2019 жыл несімен есте қалды?

© Sputnik / Владислав ВодневМатч "Астана" - "Манчестер Юнайтед". Болельщики
Матч Астана - Манчестер Юнайтед. Болельщики - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2019 жыл қазақ елі үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі доңыз жылындағы жарқын сәттерге шолу жасап көрді

НҰР-СҰЛТАН, 4 қаңтар – Sputnik, Дәурен Ерболат. 2019 жылда бірнеше жарқын сәттің болғаны анық. Sputnik Қазақстан ел аузында жүрген оқиғаларды еске түсірді.

Димаштың Мәскеу мен Нью-Йорктағы концерті

24 жастағы қазақ әншісі Димаш Құдайберген Қытайдағы Singer 2017 әншілер байқауына қатысып, жұртты өнеріне тәнті етті. Димаштың жеке ән кеші 2019 жылдың 22-23 наурызында Мәскеудің Кремль сарайында аншлагпен өтті. Әлемнің 56 елінен қазақ әншісінің тыңдармандары Ресей астанасына жиналды.

Димаш әр тілдерде танымал туындыларды орындап, қазақ тілінде ән шырқағанда залда Қазақстанның туы желбіреп тұрды. Тіпті, концертке келген мәскеуліктер мәдени "шок" алғанын жасырған жоқ.

2019 жылдың 29 маусымында әншінің "Астана-Арена" стадионындағы "Арнау" концерті де жоғары деңгейде өтті.

Barclays Center аренадағы ән кеші

Талантты әнші 10 желтоқсанда Нью-Йорктегі Barclays Center аренасындағы Arnau tour ENVOY атты жеке концерті аншлагпен өтті.

Билеттер қыркүйектен сатылымға шығарылып, 1,5 айдың ішінде 7000 билет сатылып кеткен. Кейін ұйымдастырушылар 2000 билетті қосымша сатты.

Нью-Йорк қаласындағы Barсlays center аренасында өткен ән кешінде ине шаншар жер болған жоқ.

Димаштың сахнаға шыққан әрбір сәті шоумен өтті. Ол бірнеше тілде ән айтты. Ал қазақ тілінде ән айтқанда көрермендер Димашқа қосылып отырды. Ал "Дайдидау" әні шырқалғанда өзге елдің азаматтары да көзіне жас алды.

Әрбір нөмірден кейін Димаш "Менің Отаным – Қазақстан!" деп айқайлап, жиналған жұртты өз еліне қонаққа шақырды.

Концерт кезінде "Адай" күйі шертілді. Димаш "Елім менің" әнін айтқанда LED экрандарда Қазақстанның туы мен кең даласы көрсетілді. Осы кезде АҚШ-та тұратын қандастарымыз тоқтамай жылап, көз жасына ерік берді.

Ержан Максимнің "Голос. Дети" шоуындағы жеңісі

Қазақ өнерін әлемге танытып жүрген жас әншілердің бірі – Ержан Максим. Өткен жылы ол ресейдің Бірінші арнасындағы "Голос. Дети" шоуына қатысып, көрермендерді өз өнерімен тәнті етті.

Алайда дауыс беру барысында Ержан Максим екінші орын алды. Алайда ресейліктер бұл шешіммен келіскен жоқ. Светлана Лобода тәлімгерлік еткен Абрамова дауыстың 56,5%-ін жинап, Валерий Меладзенің командасындағы Ержан Максим мен Пелагеяның шәкірті Валерий Кузаковты артқа тастады.

Микелла Абрамова жеңіске жеткені үшін бір миллион рубль мен алғашқы әнін жаздыруға сертификат алды.

Алайда тележүргізуші Максим Галкин мен әнші Валерий Меладзе, продюсер Иосиф Пригожин, актер Станислав Садальский финалдың нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеп, әлеуметтік желіде өз пікірлерін ашық білдірді.

Осыдан соң, "Голос.Дети" байқауы нәтижесінің күші жойылды. Кейін ресейлік арна басшылығының шешімімен "Голос.Дети" шоуының арнайы шығарылымында финалға шыққан балалардың барлығы жеңіске жетті. Жеңімпаз сыйлығы бірінші болып Ержан Максимге табысталды.

Сонымен қатар жас әнші Мәскеуде продюсер әрі композитор Игорь Крутойдың академиясында оқуға мүмкіндік алды. Қазір Ержан Ресей астанасында білім алып жатыр.

"Балалар Евровидениесі"

2019 жылы Польшаның Гливице қаласында өткен "Балалар Евровидениесі" музыкалық шоуына 18 елдің өкілі қатысты.

Дауыс беру нәтижесі бойынша бірінші орынды польшалық Виктория Габор алса, екінші орынды қазақстандық Ержан Максим иеленді. Үшінші орын испаниялық Мелани Гарсияға бұйырды.

Байқауда Ержан Armanyńnan Qalma әнін нақышына келтіре орындап, көрермендердің жылы ықыласына бөленді.

Осыған дейін қазақстандық жас әншілер бұл музыкалық шоуда мұндай жоғары деңгейдегі нәтижені көрсетпеген.

"Астананың" тарихи жеңісі

Өткен жылдағы жарқын сәттердің бірі – "Астана" командасының "Манчестер Юнайтедті" жеңуі болды.

Ағылшын командасы "Астанаға" лайықты құрмет көрсетпей, ойынға үшінші құрамын әкелді. Осылайша, қарсылас Нұр-Сұлтаннан ұпайсыз кетті.

Қос команда арасындағы ойын Еуропа лигасы топтық кезеңінің бесінші туры аясында өтті.

Матчта елордалық команда 2:1 есебімен жеңіске жетті. 10-минутта Джесси Лингард "Манчестер Юнайтедті" алға шығарса, 55-минутта Дмитрий Шомко таблодағы есепті теңестірді. Қарсылас команданың қорғаушысы Дишон Бернардтың автоголы қазақстандықтарға жеңіс әкелді. Нәтижесінде "Астана" топтағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатындағы сенсациясы

2019 жылы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Ол еркін бағдарламада алғаш рет төрт айналымдық сальхов элементін шебер орындап, 148.80 ұпай жинады.

Нәтижесінде Тұрсынбаева тарихта ересектер арасындағы сайыста төрт айналымдық сальховты сәтті орындаған тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы атанды.

Бұған қоса, ол Қазақстан спорты тарихында қыздар арасында әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы спортшы болды.

Қос сайыстың қорытындысы бойынша Элизабет 224.76 ұпай жинап, күміс медальді олжалады.

Әлем біріншілігінің "алтыны" ресейлік Алина Загитоваға (237.50) бұйырса, үшінші орынды Евгения Медведева (223.80) иеленді.

Жаңалықтар
0