НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Желіде Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы құлаған сәттің кадрлары пайда болды.
Әлеуметтік желілердегі топтардың бірінде жарияланған видеода ұшақтың бетон қоршауға қалай соғылғаны көрінеді.
Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.
Қазір 46 пациент ауруханада, оның тоғызы – бала. Денсаулық сақтау минстрлігі балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Тоғыз адамның жағдайы әлі ауыр.
Тағы оқыңыз: Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді
Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.
Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.
Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.