Экономика

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап кімдер салық төлемейді?

© Sputnik / Болат ШайхиновСалық кодексі
Салық кодексі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа жылдан бастап микро және шағын бизнес табыс салығынан босатылса, шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланды

НҰР-СҰЛТАН, 2 қаңтар – Sputnik. 2020 жылдың 1 қаңтарынан микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан 2023 жылға дейін босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында осындай тапсырма берген болатын.

Салық заңнамасына сәйкес, 15 адам жұмыс істейтін және жылдық табысы 30 мың АЕК-ке дейін немесе 76 миллион теңгені құрайтын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар микробизнеске жатады.

Ал 100 адамға дейін жұмысшысы бар, жылдық табысы 300 АЕК-ке дейін немесе жылына 757 миллион теңге болатын ұйымдар шағын бизнес саналады.

Алайда жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары табыс салығынан босатылмайды.

Тағы оқыңыз: Тышқан жылы: 2020 жыл қандай болады?

Бұдан бөлек, қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске үш жылға тексеріс жүргізуге мораторий күшіне енді. Бірақ бұл тексеріс мүлде жүргізілмейді деген сөз емес.

Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді.

Бұған дейін үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов шағын бизнесті салықтан босатсақ, 2020 жылы ел бюджеті 200 миллиард теңгеден қағылатынын мәлімдеген еді.

Жаңалықтар
0