НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Алматының түбінде құлаған жолаушылар ұшағында екі медицина қызметкері болған. Олардың біреуі – Арман Исина қаза тапты. Ал оның әріптесті ауыр хәлде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстан медицинасы ауыр қайғыны басынан өткеруде. Әріптесіміз, акушер-гинеколог Арман Исина қаза тапты. Ол Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша Ұлттық жаттықтырушы болатын. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек мамандарына созылмалы инфекциялық емес ауруға шалдыққан пациенттерді халықаралық талаптарға сәйкес емдеу тәсілдерін үйретіп жүрген еді", - деп жазды Біртанов өзінің Facebook парақшасында.
Бұл қаза отбасы үшін өте ауыр және орны толмас қайғы екенін айтқан министр еліміздегі бүкіл дәрігердің атынан Арман Исинаның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. -
Арман Исина Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Денсаулық сақтау министрлігінде және халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеген. Осы уақытқа дейін ол өз әріптесі – Салтанат Мұқашевамен бірге Нұр-Сұлтан қаласының №10 емханасында ауруларды басқару бағдарламасы бойынша үйлестіруші болып істеген.
Ұшақта болған екінші дәрігер Салтанат Мұқышева ауыр хәлде ауруханада жатыр.
"Қайғылы хабарларға байыланысты Нұр-Сұлтан қаласының №10 емханасы барлық мерекелік шараларды өткізбеуге шешім қабылдады", - делінген хабарламада.
Алматыдағы ұшақ апаты
Қайғылы оқиға бүгін таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Талғар ауданында құлады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат 12 адамның өмірін қиды. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.