НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан — Sputnik. Жаңа жыл қарсаңында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров РИА Новостиге берген сұхбатында алдағы жылы сыртқы саясаттағы халықаралық жағдайдың дамуы неге байланысты болатынын айтып берді.
"Келесі жылға болжам жасау оңай емес. Көп нәрсе батыстық серіктестердің, ең алдымен Вашингтонның бопсалау, қысым жасау, біржақты санкциялардан бас тартуына, халықаралық құқықты сақтай бастауына, тұтастай алғанда қазіргі заманның көптеген түйінін тиімді тарқату үшін өзара құрметке негізделген диалог жолына түсуге дайын болуына байланысты болады", - деді Лавров.
Тағы оқыңыз: Қазақстан мен Ресейге бірлескен кәсіпорындар құру неліктен тиімді?
Оның айтуынша, Ресей өз тарапынан әлемдік істердегі біріктіруші бастамаларды нығайтуға, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті сақтауға, Сириядағы немесе көршілес Украинадағы болсын, көптеген дағдарыстар мен қақтығыстарды тұрақты саяси және дипломатиялық жолмен еңсеруге өз үлесін қосады.
"Осы мақсатта біз БҰҰ және G20 сияқты жаһандық басқару құрылымдарындағы мүше болу әлеуетімізді, сондай-ақ БРИКС пен ШЫҰ-ға төрағалық ету мүмкіндіктерімізді пайдаланамыз", - деп атап өтті Ресейдің сыртқы істер министрі.
"Біз ресейлік-америкалық диалогтың перспективаларына, әсіресе, АҚШ-тағы күрделі ішкі саяси жағдай мен алдағы президент сайлауында шынайы көзбен қараймыз", - деп толықтырды ол.
Оның пайымынша, Ресей өз қауіпсіздігін, азаматтар мен бизнестің мүдделерін қамтамасыз ету үшін және агрессиялық әрекеттерге лайықты жауап беру үшін барлық шараны қолдануды жалғастырады.
"Біз еліміз бен бүкіл әлем үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға дайынбыз", - деп түйіндеді Сергей Лавров.