НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Әнші және актриса Айгүл Иманбаева Алматы түбіндегі ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстарына қайғырып көңіл айтты.
"Жұрт дүрлігіп, жылады": ұшақта болған кәсіпкер апат кезінде не болғанын айтты
"Ажал айтып келмейді. Апатта қаза болған жандардың туғандарына қайғырып көңіл айтамын. Алла сабыр берсін. Ішінде біздің өнер адамдары да бар. Жаңа әуежайда кездесіп, әңгімелесіп, бұйыртса кешке концертте кездесеміз деп қоштасып кетіп едік. Бүгін Алматыдан астанаға мен де ұштым. Билет таба алмай, осы Бек Эйрге де қарадым, билет болмады. Көретін дәм-тұзым бар екен. Еліміз аман болсыншы", - деп жазды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері instagram-дағы парақшасында.
Алматыдағы трагедия
Қайғылы оқиға бүгін таңғы жетіде Алматы түбінде болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады.
Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.
Полиция әзірге 12 адамның қаза болғанын растады. Көз жұмғандар арасында генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров пен республикалық интернет-порталдың шығарушы редакторы Дана Круглова бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерт болғандардың жақындарына көңіл айтып, кінәлі адамдар қатаң жазаланатынын жеткізді. Президент 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.