Оқиға

Алматыдағы ұшақ апатынан генералдар кеңесінің төрағасы қаза тапты

© Photo : EADaily Рустем Кайдаров
Рустем Кайдаров - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Соңғы деректер бойынша үшақ апатынан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті, зардап шеккендер отыздан асқан

НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Алматы маңындағы ұшақ апатынан Қазақстан генералдары кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кеңестегілер 79 жастағы төрағаның қаза болғанын растады. Қазіргі кезде штабта президиумның шұғыл жиналысы шақырылды. Сол жерде Қайдаровпен қоштасу рәсімін ұйымдастыру мәселесі қаралады.

Рүстем Есімханұлы Қайдаров 1940 жылы 18-мамырда Семей облысы Бесқарағай ауданы Сосновка ауылында дүниеге келген. Киров атындағы ҚазМУ-ді заңгер мамандығы бойынша бітірген. Кеңес Армиясының қатарында азаматтық борышын өтеп, КСРО ІІМ-нің Қазақстан және Қырзызстан бойынша ұйымдасқан қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақаралық басқармасының бастығы болған. Ал 1992-1995 жылдары ҚР ішкі істер министрінің орынбасары - бас тергеу басқармасының бастығы. 2000 жылдан бері "Генералдар кеңесі" ҚБ төрағасы қызметін атқарды.

Биыл әділет генерал-майоры, "Парасат" орденінің иегері, Рүстем Есімханұлы Қайдаров Sputnik Қазақстанның "Әңгімең жарасса" жобасына сұхбат берген болатын.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

"Алматы – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша №2100 рейсін орындаған Fokker 100 ұшағы Талғар ауданындағы тұрғын алабына құлады. Ұшақ бетон қоршауын бұзып, екі қабатты ғимаратқа соғылған. Шұғыл түрде құтқару жұмыстары басталды. Өрт болған жоқ. Жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялау жүргізілді.

Соңғы деректер бойынша қаза тапқандар саны 15 адамға жетті, зардап шеккендер отыздан асқан.

Президенттің тапсырмасымен премьер-министр басқаратын комиссия құрылды. Вице-премьер Роман Скляр оқиға орнында жүр. Комиссия құрамына индустрия жне инфрақұрылымдық даму министрі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. 

Бұған қоса, Fokker 100 ұшақтарын пайдалануға уақытша тыйым салынды.

Жедел қызмет штабы құрылып, шұғыл желі жұмыс істеп тұр: 8 (7172) 53-32-84, Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті – 8 (7282) 22-02-13, 22-02-18, Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД – 8 (7172) 24-52-12, 24- 51-71, 24- 51- 47.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Жаңалықтар
0