НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан — Sputnik, Дәурен Ерболат. 31 жастағы астаналық жеке кәсіпкер Бауыржан Самен ұшақ апатынан қалай аман қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бауыржан Самен – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Ол көлік тұрағын және көлікті жалға беру саласында жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер екі әріптесімен бірге сейсенбі күні Алматыға жұмыс сапарымен келген. Ал бүгін "Алматы - Нұр-Сұлтан" бағытындағы Bek Air ұшағымен елордаға кері қайтуы қажет болған.
"Алматыдағы жұмыстарым біткен жоқ. Бүгін билетті айырбастаймын деген ой болған. Bek Air компаниясына хабарластым. Олар ұшаққа отырмаған жағдайда билетімнің қайтарылмайтынын, оның жарамсыз болып қалатынын айтты. Жаңа жыл қарсаңында билеттің арзан емес екені белгілі. Соған қарамастан шаруаларымды бітіріп алайын деген шешімге келдім. Осылайша, ұшаққа отыру туралы ойымнан бас тарттым", - дейді Бауыржан Самен.
Ол екі әріптесінің де осындай шешім қабылдап, ұшаққа отырмағанын айтты.
Алматы маңындағы ұшақ апаты бүгін таңғы сағат 07:22-де болды. Осы уақытта Бауыржан таңғы намазын оқып жатыпты. Ол қайғылы жағдайды жаңалықтардан естіп, абдырап қалған.
"Бұл ұшаққа мен де отыруым қажет болған. Біздің тікұшақ, біздің рейс, біздің уақыт, оны мен тексердім. Жаңалықты өте ауыр қабылдадым, көңіл-күйім толқып кетті. Алла сақтады, оған күмәнім жоқ. Қаза тапқан адамдардың ішінде мен де болуым мүмкін еді. Мені қойшы, ата-анам, туған-туыстарым қайғырады ғой. Бұл жаңалық оларға ауыр тиері анық. Достарым мені Алланың қолдағанын, оның маған жоспары бар екенін, екінші туған күнімнің пайда болғанын айтты, - дейді жеке кәсіпкер ағынан жарылып.
Айтуынша, ұшақ апаты туралы жаңалықты естіп, анасының жүрегі ауырған.
"Кейін кішігірім құран оқытып, садақа бердім. Апаттан қаза тапқандардың отбасының қайғысына ортақпын. Оларға құдай күш-қуат берсін. Барлығы жақсы болсын деп тілейік", - деді ол.
Сөз соңында кәсіпкер бүгін түнде Нұр-Сұлтанға ұшақпен ұшып келетінін тілге тиек етті. Ол "бүгінгі жағдайдан соң, ұшаққа отыруға қорықпайсыз ба?" деген сұраққа қысқа жауап қайырды:
"Басқа амалым жоқ. Елордада жұмыстарым бар".
Алматыдағы ұшақ апаты
Қайғылы оқиға бүгін таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Талғар ауданында құлады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат 12 адамның өмірін қиды. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.