НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Үш айдан кейін қазақ халқы жаңа президентін сайлады.
Sputnik Қазақстан осы жылдың басты оқиғасының хронологиясын ұсынады.
Бәрі қалай басталды?
2019 жылдың 4 ақпаны. Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңеске Конституцияның 42-бабы 3-тармағын түсіндіру туралы өтініш жасады. Ата заңның бұл бабы мемлекет басшысының өкілеттіктерін тоқтату шарттарына қатысты еді.
Осыдан кейін ел арасында кезектен тыс президент сайлауы туралы қауесет тарады. Ертесіне Елбасы мәлімдеме жасап, жұртты дүрлікпеуге шақырды.
"Ата заңымызда, "Қазақстан Республикасының президенті туралы" Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес, президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек", - деп сендірген еді Назарбаев.
Алайда бір жарым айдан кейін ешкім күтпеген оқиға болды.
Кешкі үндеу һәм соңғы жарлық
2019 жылдың 19 наурызы, сағат тілі кешкі 19:00-ді көрсетіп тұр. Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінен үндеу жасап, отставкаға кететінін мәлімдеді.
Осыдан кейін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап отставкаға кететіні туралы жарлыққа қол қойды. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін сенат төрағасына берілді.
Саясаттанушылардың пікірі
Белгілі қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев билік транзитінің келесі процесі Назарбаевтың бақылауымен өтеді деген пікір айтты.
Ресейлік "Өркениеттер диалогы" институтының ғылыми зерттеулер жетекшісі Алексей Малашенко Назарбаевтың бұл қадамын денсаулық жағдайымен байланыстырды.
"Назарбаев Германияда, Қытайда көп емделді", - деді ол.
Ал тәуелсіз сарапшы, саясаттанушы, экономист Айдархан Құсайынов Елбасының шешімі қысқа мерзімді перспективада экономиканың дамуына елеулі ықпал етпейді деп санады.
Тоқаев президент қызметіне кірісті
20 наурызда парламент палаталарының бірлескен отырыс өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде мемлекет басшысы қызметіне кірісті.
Тоқаев жұмысын елорда атауын өзгертуден бастады. Ант бергеннен кейін ол Астананы Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. 23 наурызда елорда атауына қатысты жарлыққа қол қойды.
Сонымен қатар, жаңа президент елордада Елбасы монументін салуды және әр облыс орталығындағы көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды.
Бұдан бөлек, Елбасыға "Халық қаһарманы" атағын беріп, "Алтын Жұлдыз" ерекше айрықшылық белгісін табыстады.
Тұңғыш президенттің суреттері мемлекеттік мекемелердегі кабинеттерде, оқу орындары мен көпшілік орындарда міндетті атрибут ретінде қала беретін болды.
Үш жылға созылған дайындық
Отставкадан кейін тұңғыш президент маңызды шешіміне қанша жыл дайындалғанын айтты.
Тағы оқыңыз: Тышқан жылы: 2020 жыл қандай болады?
"Мұндай шешім бір күн немесе бір ай ішінде қабылдана салмайды. Мен бұған бірнеше жыл дайындалдым. Егер құпиямды ашсам, үш жылдан астам уақыт. Айналама қарап, елдің өткені мен болашағы туралы ойладым. Кадрлық серіктеріме қарап, осы жылдар бойы оларды тәрбиеледім. Әрбіріне үміт арттым. Ақыр соңында осы дұрыс деген қорытындыға келдім", - деді Назарбаев 23 сәуірде өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.
Елбасының шешімінен кейін, алыс-жақын шет елдердің лидерлерінен хаттар мен қоңыраулар түсті.
"Мұндай реакция болғанына өзім де таңғалдым. Біз тағы да бәріне билік транзиті мәселесін қалай шешудің үлгісін көрсеттік. Яғни, барлық жағдайда халық даналығына жүгіну керек",- деп пікір білдірді ол.
Трамптың хаты
АҚШ президенті Дональд Трамп мамырдың басында Назарбаевқа хат жазды. Ол Қазақстанды тарихи сәтпен құттықтап, Қасым-Жомарт Тоқаевпен де тығыз қарым-қатынас жасаудан үміттенетінін жеткізген.
АҚШ Президенті Д.Трамптың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хаты
— Aidos Ukibay (@Aidos_Ukibay) 13 мая 2019 г.
Письмо Президента США Д.Трампа Первому Президенту Казахстана Нурсултану Назарбаеву pic.twitter.com/KJfhgWRPcN
"30 жылға жуық басшылық жасағаннан кейін табысты мирас қалдырып барасыз. Билікті конституциялық тәртіппен тапсыру туралы шешіміңізді қолдаймын", - деп жазды Трамп.
Кетті, бірақ қалды
Назарбаев президент ретінде өкілеттігін тоқтатқанымен, айрықша құзыреттерге ие болып қалды. Ол конституциялық орган саналатын Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқарады.
Бұдан бөлек, елдегі билеуші партия саналатын "Nur Otan"-ның төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, құрметті сенатор, Конституциялық кеңестің мүшесі.
Тағы оқыңыз: Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы мәртебесіне ие. Бұл саяси-құқықтық мәртебе "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңымен бекітілген. Заңға сәйкес, Елбасына Қазақстан президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданылмайды.
Назарбаев қатыспаған сайлау
9 маусым күні қазақстандықтар ел тарихындағы екінші президентті сайлады. Осы жолы саяси додаға жеті кандидат түсті.
Кезектен тыс президент сайлауында кандидаттар келесідей дауыс жинады:
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев – 70,76%;
- "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов – 16,02%;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева – 5,2%;
- "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков – 3,2%;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов – 2,07%;
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков – 1,82%;
- "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел – 0,92%.
Тоқаевқа ең көп дауысты Алматы облысының, ал ең аз дауысты Маңғыстау облысының тұрғындары берген.
"Транзиттік жолаушы емеспін"
Сайлаудан кейін ертесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада журналистермен кездесті. Президент билік транзитіне қатысты әңгімені тоқтату қажеттігін айтып, "транзит" деген сөзге қарсы екенін жеткізді.
"Транзит дегеніміз не? Сонда мен транзиттік жолаушымын ба? Әлде, жолсерікпін бе? Жоқ. Мен өзімді Қазақстан Республикасының толыққанды президенті деп санаймын. Мен жолсерік емеспін. Пойызды да, ұшақты да ауыстырайын деп отырған жоқпын. Сондықтан "транзит" деген сөзді доғарайық. Сайлау өтті, президент сайланды", - деп қадап айтты мемлекет басшысы.
Билік кімнің қолында?
Назарбаевтың отставкасынан кейін ел арасында "қос билік" туралы қауесет тарай бастады. Тоқаев пен Назарбаев шешімді бірге қабылдайды деген әңгімелер болды.
Алайда қазан айында Назарбаев бұған еш негіз жоқ екенін мәлімдеді.
"Мұндай тұжырымға еш негіз жоқ, себебі Қазақстан президенттік басқару формасы бар унитарлы мемлекет", -деді ол.
Тағы оқыңыз: Тоқаев сайлау қорытындысын естігенде қандай сезімде болғанын айтты
Елбасы Тоқаевқа кеңес беріп отыратынын жасырмады.
"Мен жол көрсетемін, өздері кеңеседі, кеңес беремін, сұрамаса – кеңес бермеймін. Өз Отаныма, өз еліме қызмет етуді жалғастырып келемін", - деді тұңғыш президент.
Ал жуырда "Қазақстан сыртқы саясатының тұжырымдамасы туралы" президент жарлығының жобасы жарияланды. Оған сәйкес, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша бастамалар тұңғыш президент Назарбаевпен одан әрі келісіле береді. Құжат мемлекет басшысының қарауына жіберілді.