Өңірлер

"Бетінен атқан": Талдықорғанда майордың өлтірілуіне қатысты тың дерек шықты

© Photo : ДВД АлматыОружие. Архивное фото
Оружие. Архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қайғыдан қан жұтқан марқұмның әкесі ұлының тік мінезді болғанын, бірақ жан баласымен жауласпағанын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан – Sputnik. Кеше Алматы облысында әскери бөлімше басшысының орынбасарын атып кеткені хабарланған болатын. 36 жастағы майордың қазасына қатысты тың деректер жарияланды.

Рүстем Жанықбаев Талдықорғандағы №48386 әскери бөлімшеде қызмет еткен. Оның өлі денесі өзі тұратын үйдің алдынан 24 желтоқсан күні кешқұрым табылған, деп хабарлады КТК.

Талдықорғандағы Қаратал ықшамауданындағы аулада жатқан марқұмды куәгерлер көріп, жедел-жәрдем шақыртқан екен. Алайда дәрігерлер келгенше 36 жастағы майор жан тапсырған. Оны белгісіз біреулер аңшы мылтығымен басынан атыпты.

"Баламды артынан келіп атып кетіпті. Желкесіне қару тақап келіп, Рүстем дегенде жалт қараған. Сол сәтте бетінен атқан. Не үшін өлтірді? Кімге жаманшылық жасады? Білмеймін", - дейді  марқұмның әкесі Сейітхан Жанықбаев.

Қара жамылған отбасы марқұмның ешкімге "жаманшылығы жоқ еді" дейді. Әсіресе қайғыдан қан жұтқан әкесі ұлының тік мінезді болғанын, бірақ жан баласымен жауласпағанын айтады. Десе де бұл қастандықтың қызметіне тікелей қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал полицейлер күдіктілерді іздестіріп жатыр. Жақын маңдағы бейнекамералар тексеріліп, қанды қылмысты көрген куәгерлер іздестірілуде. Алайда әзірге ешқандай ілік жоқ.   

Талдықорғанда әскери қызметкер әріптесін атып тастады

"Аталған дерекке қатысты жедел іздестіру тобы құрылды. Топтың құрамына тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Қазір қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған кеңауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан майордың артында екі баласы қалды", - деп түсініктеме берді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев.

Ал өзі қызмет еткен әскери бөлім басшылары бұл жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруге құлықсыз. Еліміздің Қорғаныс министрлігі де тергеу құпиялылығына байланысты болжам айтудан бас тартып отыр. Ал облыстық полиция департаменті адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, әскери бөлім қызметкерінің өлімін Ішкі істер министрі өз бақылауына алды.

Жаңалықтар
0