НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан – Sputnik. Nur Otan партиясының жаңа хатшысы тағайындалды. Бұл қызметке Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Арман Қырықбаев келді.
"Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев "Nur Otan-ның" хатшысы болып тағайындалды", - деп жазды партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-де.
Байбек оның партиядағы, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы бай жұмыс тәжірибесі алдағы міндеттерді табысты іске асыруына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Тағы оқыңыз: Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев жаңа қызметке келді
Ол хатшы қызметінен кеткен және үкіметтің қаулысымен ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болған Ғабидолла Оспанқұловқа алғысын білдірді.
"Соңғы жарты жылда партия алаңдарында мемлекеттік тілді дамыту, мәдениет, балалар құқықтарын қорғау және басқа да мәселелер жандана түсті", - деп Nur Otan төрағасының бірінші орынбасары Оспанқұловтың жұмысын қорытындылады.
Партия хатшысы туралы не білеміз
Арман Қырықбаев Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, сондай-ақ сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген.
Әр жылдары ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, мәдениет және ақпарат вице-министрі, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі және Алматы қаласы әкімінің ішкі саясат жөніндегі орынбасары болды.