НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Ресейдің "Матч.ТВ" телеарнасы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған авторлық фильм шығарды.
50 минуттық фильмде "Матч.ТВ" шолушысы Константин Столбовский мен қазақстандық журналист Сергей Райлян Денис Тен туралы естеліктерді оның жақын адамдарынан – бапкерлерінен, достарынан және тағы басқа адамдардан жинады. Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Алексей Ягудин, оның жаттықтырушылары Айгүл Қуанышева мен Елена Водорезова, қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин, әнші Роза Рымбаева Денис Тен туралы әңгімеледі.
Фильм 13 тараудан тұрады, онда Денис Теннің сұхбаттары мен көрсеткен өнерінің архивтік кадрлары бар. 13 саны кездейсоқ емес, дейді фильмді жасаушылар.
"Бұл Денис Теннің нөмірі" - ол 13 маусымда дүниеге келді, 2013 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды және "Денис Тен және оның достары" шоуын бастады, 13-ші нөмірмен Олимпиада тұғырына көтерілді.
"Денис Тен туралы шағын фильм жасау өте қиын екен. Ол 25 жыл ғана өмір сүрсе де, оған тұтас бір дәуір сыйып кеткен. Қайта өрлеу дәуірі туралы қысқа фильм түсіріп көріңіз, сонда шексіздікті қамтуға болмайтынын тез түсінесіз. Ал Денис Тен – дәуір", - дейді фильмді жасаушылар.
Денис Теннің өмірі мен өлімі
Денис Юрьевич Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келді. Ол тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Олимпиада ойындарында (2014 жылғы Сочидегі қысқы ойындарда қола), әлем чемпионаттарында (2013 жылы күміс, 2015 жылы қола), құрлық біріншілігінде (2015 жылы), Қысқы Универсиадада (2017 жылы), Қысқы Азия ойындарында (2011) медаль жеңіп алған алғашқы және жалғыз спортшы болды. Жасөспірімдер арасындағы гран-при кезеңінде (2008) алтын жеңіп алып, ISU турнирінің медалін жеңіп алған алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды.
Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде 25 жасында көз жұмды. Көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны ұрылар сан тұсынан пышақпен жарақаттады.
2019 жылдың 17 қаңтарында сот Денис Теннің өліміне қатысты сотталушыларға үкім шығарды. Нұралы Қиясов қарақшылық және кісі өлтіру бабы бойынша айыпты деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды.
Тағы оқыңыз: Денис Тенді өлтіргендерге сот үкімі шықты
Арман Құдайбергенов те ұрлық, қарақшылық жасап, кісі өлтірді деп танылды. Оған да 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.
Жанар Толыбаева қылмыс болғанын біле тұра, құзырлы органдарға хабар бермегені үшін 4 жылға сотталды.