Қоғам

Министр алимент төлеуге арналған қорға ақша қайдан түсетінін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневДеньги в руках ребенка, архивное фото
Деньги в руках ребенка, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлеуметтік қордың мақсаты қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсету болмақ

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда алимент төлеуге арналған жеке әлеуметтік қор құрылады. Қор республикалық палата мүшелерінің жарнасы мен ерікті ақша салымдары есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы бүгін әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, әлеуметтік қор құру туралы шешім 21 қарашада өткен жеке сот орындаушыларының кезектен тыс сьезінде қабылданған.

"Қордың негізгі мақсаты – қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсету. Қор бюджеті республикалық палата мүшелерінің мүшелік жарнасы мен ерікті ақша салымдарынан қалыптасады. Сондықтан қор қаражатына лимит болады. Бұл әзірге пилоттық жоба", - деді Бекетаев мәжілістегі үкімет сағатында.

Ол әділет министрлігі алимент өндіріп алу ісіне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Айтуынша, ведомствоға түсетін арыз-шағымның тең жартысын осы категориядағы істер құрайды. Бұл проблеманы шешу үшін министрлік "Алимент өндіріп алудың тиімді жүйесін құру жөніндегі 30 қадам" атты іс-шаралар жоспарын бекіткен.

Сонымен қатар, министрлік, әкімдік пен сот орындаушылардың республикалық палатасы арасында үш жақты меморандум жасалып, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл орнатылды.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда алиментті төлеп беретін қор құрылады

"Меморандум аясында өзге де қызметтермен қатар, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселелері қамтылған. Мысалы, осының аясында 816 борышкер жұмыс тапты. Проблемалық алименттер саны 25 мыңнан 14 мыңға дейін азайды", - деді министр.

Жаңалықтар
0