НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Sputnik Эстония журналистеріне жасалған қысым халықаралық құқық нормаларына қайшы екенін және сөз бостандығын шектейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Танымал журналистің ойынша, бүгінде Балтық елдерінде, соның ішінде Эстонияда орыс тілді халыққа жиі қысым жасалады. Қазіргі жағдай да Адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімге қайшы. Себебі осы елдің күш құрылымдары әкімшілік ресурс арқылы орыс тілді журналистерді ығыстырып шығаруға тырысып жатыр.
"Меніңше, күш құрылымдарының бұл әрекеті биліктің нұсқауымен жасалып отыр. Бұның бәрі сөз бостандығы туралы декларацияға қайшы. Ал Эстония Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына кіреді. Сондықтан халықаралық құқық тұрғысынан қарасақ, ондай әрекеттерге жол берілмеуі керек. Қазіргі жағдай демократия негіздеріне сәйкес келмейді", - деді Матаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, Эстония билігі демократия негіздеріне адал екенін көрсетуі керек. Ол үшін өз нұсқауын кері қайтарып, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасамауы шарт.
"Мен ылғи айтамын, еркін баспасөз – биліктің оппоненті. Ал Эстонияның баспасөзі еркін деп ойлаймын. Әрине, билікке ондай баспасөз ұнамайды. Журналистердің құқықтарын қорғау қажет", - деп атап көрсетті Матаев.
Sputnik Estonia журналистері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Айта кетейік, Sputnik Эстонияның журналистеріне қатысты дау-дамай күш құрылымдарының ультиматумынан кейін басталды. Оған сәйкес, жергілікті журналистер "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінен кетуі керек. Осы талапқа бағынбаса, түрмеге тоғытылады.
"Россия сегодня" ХАА мен RT телеарнасының редакторы Маргарита Симоньян Эстонияның басшысы Керсти Кальюлайдқа үндеу жолдап, көмек сұрады.