НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуде асығыстық танытуға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды. Жаңа әліпбиді енгізу үшін барлығы жіті салмақтап, жан-жақты талдау жасап, пысықтау қажет. Ұсынылған үш нұсқа да шикі болып шықты. Мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау керек", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында.
Президенттің айтуынша, бұл жерде кириллицаны латынға ыңғайластыра салу туралы ғана сөз болып отырған жоқ.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тапсырмасынан кейін латын әліпбиінің 10 нұсқасы қаралды
"Қазақ тілін реформалау, қажет болса, тілімізді жаңғырту қажет. Тағы бір мәрте мәлімдеймін, біз қазақ тілін реформалап жатырмыз. Ұлтымыз үшін мұндай тарихи мәселеде науқаншылдық пен бейқамдыққа жол жоқ!", - деді Тоқаев.
Еске сала кетсек, елордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтіп жатыр.
Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өткен еді. Ол кезде спикерлер зейнетке шығу жасын қайта қарауды, өлім жазасын алып тастауды, сайлау заңнамасын реформалауды және мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынған болатын.