НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан азаматының Еуразиялық экономикалық одақтың басқа еліндегі жұмыс өтілі зейнетақы төлеу кезінде ескеріледі. Төлемдерді ЕАЭО елдерінің зейнетақы жүйелерінен де жасауға болады. Бұл туралы Санкт-Петербургте ЕАЭО бейресми саммитінде қол қойылған зейнетақы келісімінде айтылған.
"Нұрсұлтан Әбішұлы, бәрі жұмыс істеп тұр": Путин Назарбаевқа алғыс айтты
"Осы келісімге қол қойылғанға дейін, мысалы, Ресей Федерациясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматы Ресейдің зейнетақы жүйесіне жарна жасады, бірақ бұл уақыт үшін зейнетақы төлемдерін алған жоқ. Бұл жағдай дұрыс емес. Бұл көптеген азаматқа қатысты және олардың саны жыл сайын артып келеді", - деді Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты бойынша алқасының мүшесі Тимур Жақсылықов.
Шенеунік бұл келісім ЕАЭО елдерінің парламенттері ратификациялағаннан кейін күшіне енетінін атап өтті.
"Жаңа жүйе басқа елдегі жұмыс уақытын есепке алуға, оны зейнетақы өтіліне санауға, басқа зейнетақы жүйелерінен зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік береді. Ақша тұрақты тұратын елге экспортталуы мүмкін немесе жұмысшының келісімшарты бойынша бұл қаржыны басқа елдерде алуға болады. Бұл азаматтарды әлеуметтік қорғаудың едәуір жоғары деңгейіне және әділеттілікке әкеледі", - деді Жақсылықов.
Ол келісім барлық ЕАЭО елінің бастамасы екенін хабарлады.
"Біртұтас еңбек нарығын құру жағдайында азаматтардың мобильділігі жыл сайын арта түсетінін бәрі түсінді. Егер осы мәселе шешілмесе (зейнетақы мәселесі - ред.), бұл біздің азаматтарымызды өте қиын жағдайда қалдырады. Біз онсыз да көп уақытты жоғалттық, өйткені одақ жұмыс істей бастағаннан бері бес жыл өтті. Келіссөздер өте күрделі болды, біз бүгін ғана осы мәселені шештік", - деп атап өтті министр.