НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин спортшылардың халықаралық жарыстардан төрт жылға шеттетілуін әділетсіздік және ақылға қонымсыз деп атады.
Путин спортшылардың дені "таза" екенін, алайда соған қарамастан бүкіл құрама жазаланып отырғанын мәлімдеді.
"Бұл барып тұрған әділетсіздік қана емес, ақылға қонымсыз дүние деп санаймын. Допингке қатысты шешім өткен Олимпиадада, біздің спортшылар бейтарап тумен өнер көрсеткен кезде қабылданған еді. Енді тағы да сол үшін жазаланып отыр. Әлемнің ешбір құқықтық жүйесінде мұндай болған емес", - деп жауап берді Путин үлкен баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, заң бұзған адам ғана жазалануы керек. Путин WADA шешімі Олимпиада хартиясына қайшы келетінін еске салды.
Ресей президенті мәнерлеп сырғанау спортын мысалға келтірді. Ол күрделі элементтерді орындайтын спортшы қыздардың допингке еш қатысы жоқ екенін айтты.
Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресейдің антидопинг агенттігін допингке қарсы кодекске сәйкес келмейді деп таныды. Яғни, ірі халықаралық жарыстарда, атап айтсақ, Олимпиада ойындары, футболдан әлем чемпионаттарында Ресейдің туы желбіремейді, әнұраны ойнамайды. Алайда бұл Ресейдің Еуро-2020 біріншілігінде бақ сынауына әсер етпейді.
Путиннің үлкен баспасөз мәслихаты
Ресей президентінің мерейтойлық, он бесінші үлкен баспасөз мәслихаты 19 желтоқсанда Мәскеудегі Халықаралық сауда орталығында өтіп жатыр.
Волгоград муниципалды телеарнасының тілшісі Александра Агафонова туған қаласында жасалған экзо-қаңқаны өзімен бірге ала келген. Тағы бір журналист Ақшақардың киімін кисе, кейбірі ұлттық костюмдерін киген.
Путинің мұндай форматтағы алғашқы баспасөз мәслихаты 2001 жылы 18 шілдеде "Үлкен сегіздік" саммитінің қарсаңында өткен еді. Сол кезде жиынға 400-ге жуық журналист қатысып, 22 сұрақ қойылды.